Өскеменде балалар арасында шайбалы хоккейден жарыс өтті. Турнирге «Торпедо» хоккей клубының тәрбиеленушілері қатысты. Жарысты Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық мониторинг органдарының құрылған күніне орай ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Үш күнге созылған турнирде жас спортшылар жеңіске жетуге бар күшін салып, шеберліктерін көрсетті.
Тартысқа долы додаға жиналған жанкүйерлердің қарасы қалың. Жас спортшыларды қолдауға ата-аналары да келген.
Ал турнирдің жабылу салтанатында спорт сүйер қауым ересектер арасындағы тартысты ойынға куә болды. Әр матчтың алдында LED-экрандар арқылы экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бейнероликтер көрсетілді. Шара аясында еріктілер қаржы пирамидалары, лудомания және қаржылық сауаттылық негіздері туралы ақпарат жазылған парақшаларды таратты.
Турнир жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек ерекше ойын үлгісін көрсеткендерге «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қорғаушы» номинациялары берілді.