Ғасыр дерті – онкологиялық ауру. Өкінішке қарай, әлемде онкологияға шалдыққандар саны күн санап артып барады. Елімізде бұл көрсеткіш соңғы бір жылда 6%-ға өскен. Біздің өңір елдегі осы қауіпті ауруды ерте анықтау бойынша көшбасшылардың бірі болып отыр. Атаулы күнге орай облыстық Көпсалалы онкология және хирургия орталығында қатерлі ісіктердің алдын алу және ерте анықтау онкүндігі басталды.

Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күнінің басты мақсаты - халықтың назарын осы жаһандық проблемаға аудару. Сондай-ақ қазіргі уақытта онкологиялық аурулардың қаншалықты таралғанын еске салу. ШҚО-ның өзінде өткен жылы 2549 жаңа онкология жағдайы тіркелді. Сондықтан да онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін қажетті скринингтен өту аса маңызды.

Онкология және хирургия орталығы заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұндағы мамандар үздік шетелдік клиникаларда оқытудан өтуде. Сонымен қатар, науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін алғашқы медициналық қызметпен байланыс күшейтілді.

Ал 8 ақпан күні онкологиялық орталықта Ашық есік күні өтеді. Бұл күні облыс тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан орталықтың жетекші мамандарынан тегін кеңес ала алады. Кеңес алу үшін тек жеке куәлігіңізді алып келу жеткілікті.