Өскеменде «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында «Есірткіге жол жоқ» атты профилактикалық рейд өткізілді. Шараны есірткі қылмысының алдын алу қызметкерлері мен облыстық Жастар ресурстық орталығы, Ішкі істер департаменті және облыстық Прокуратура қызметкерлері ұйымдастырды.

Шара аясында жоғары оқу орындарының жатақханасында тұратын студенттерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық парақшалар таратылды. Бұл жұмысқа «Есірткісіз болашақ» облыстық қоғамдық қорының төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша студенттік омбудсмен, ҚР Президенті жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.

Шараның мақсаты – студенттер арасында есірткіге қарсы күрес жұмыстарын нығайту. Рейд жоғары оқу орындарының екі жатақханасында жүргізілді. Рейд жұмыстарына кинологтар да тартылды. Тексеріс барысында ешқандай заңбұзушылық анықталмаған.

Мұндай шара заңсыз әрекеттердің алдын алып қана қоймай, жастар арасында дұрыс ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қажет.