Өскеменде садақ атудан дәстүрлі жарыс өтті. Өз өнерлерін көрсетуге Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысынан 20 үздік әуесқой спортшы келді. Мақсат – ұлттық спортты дамыту.

Садақ ату – мергендік спортының бір түрі. 1900 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне кірген. Шыдамдылық, мықтылық, көздің өткірлігі және қарым – осының барлығы садақпен атқанда жеңіске жету үшін қажет. Бұл спорт денсаулыққа ғана пайдалы емес, сондай-ақ рухты берік етіп, ерік-жігерге оң әсер етеді.

Облыстың әр ауданынан жиналған кіл мықтылар үшін мұндай жарыс өздерінің кәсіби деңгейін көтеруге және жарыс кезінде болатын қорқыныш сезімдерімен күресуге таптырмас мүмкіндік.

Садақ ату сайысының басты мақсаты – көшпелі халықтардың мәдениеті мен спортын жаңғырту. Өйткені дәл садақшылар қазақ халқында ежелден ерекше құрметке ие болған.

Мұндай жарыстар дәстүрлі садақ атудан өңірдегі үздік спортшыларды анықтауға септігін тигізері анық. Ал, жеңімпаздар алдағы уақытта республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.