Ұлан ауданында аналарға арналған мерекелік концерт өтті. Кешке құқық қорғау органдарының, білім саласының қызметкерлері, көпбалалы аналар қатысты. Аудан әкімі Арман Бекбосынов аруларды төл мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттар табыстады.

Ұлан ауданы экономикасының тұрақты дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қыз-келіншектер мәдениет үйінде бас қосты. Солардың бірі – аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің есепшісі Алтынай Сатыева. Ол осы салада 11 жыл бойы қызмет етіп келеді.

Арулар қауымы тек өз міндеттерін ғана орындап жүрген жоқ. Ер азаматтармен бірге иық тіресе, еліміздің дамуына үлестерін қосуда. Мина Сәлиқа – көп балалы ана. Ол Өскемен құс фабрикасында еңбек етеді.

86 жастағы Дәметкен Байкенова – көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері. Өмір жолында сан қилы кезеңдерді бастан өткерген. Ол бүгінде ұрпағының қуанышын көріп, немере-шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр. Ақ жаулықты ана өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ақ батасын беріп, елдің бірлігі мен берекесі арта берсін деген ізгі тілегін айтты.

Мерекелік шара жиналған қонақтарға арнайы фуршет ұсынылып, көңілді ойындар ойнатылды. Ал аруларды ер азаматтар ерекше ықыласпен қарсы алып, кештің көркін аша түсті. Әсем ән шырқалып, көтеріңкі көңіл-күй орнады.

Өңірдің дауына үлес қосып, аянбай тер төгіп жүрген қыз-келіншектерге қандай мадақ айтсаң да жарасымды.