Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қала және аудан әкімдерінің басын қосып, су тасқынына қарсы шараларды пысықтады. Өңірде 1 ақпаннан бастап жедел штаб жұмысқа кіріскен болатын. Жедел штаб елді мекендердің су тасқынына дайындығын бақылауға алады.

Қазіргі уақытта аймақтағы барлық гидротехникалық құрылыстар тексеріліп, тәулік бойы бақылауға алынған. Су тасқынына дайындықты күшейту мақсатында әрбір елді мекендегі тұлғалар мен олардың байланыс деректері көрсетілген кезекшілік кестесін жасауға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Өңірге қарасты өзен, көлдерде жарылыс жұмыстары басталып, тасқын қаупі бар 19 аумақ анықталды. Жауын-шашын мен ауа температурасының күрт жылыну жағдайынан болатын су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу кезінде гидротехникалық құрылыстарды қатаң назарға алу міндеттелді. Қар көп түскен Глубокое, Шемонайха аудандары мен Алтай, Риддер қалалары ерекше бақылауға алынды.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, барлық жұмыс тобы мен техника су тасқыны кезеңіне дайын. Облыстағы уақытша орналастыру пункттері 21 мың адамды қабылдай алады.