Жұмысшы мамандық иелерін қолдау әрі олардың баспана мәселесін шешу мақсатында елде «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы іске қосылды. Ипотекалық бағдарламаны Отбасы банкі жүзеге асырады. Пәтер алуға ниет еткен азаматтар өз өтініштерін 17 наурыздан бастап жолдауларына болады.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында іске қосылған бағдарлама бірнеше санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуды көздеп отыр. Бағдарлама аясында әлеуметтік осал топ санатындағылар үшін несие 7%, басқа санаттағы азаматтарға тоғыз пайызбен беріледі.
Бағдарлама өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіп жүрген азаматтарға арналған. Баспана алуға ниет еткен азаматтардың Отбасы банкінде депозит және жинақ шотында кемінде 2 млн. теңге жинақталған болуы қажет.
Ипотекалық бағдарламаның шарттарымен азаматтарды таныстыру мақсатында банк өкілдері аймақтағы мекемелерге, кәсіпорындарға барып ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізбек.