Көлік салығын төлеу – темір тұлпарды тізгіндеген әрбір азаматтың міндеті. Мемлекеттік кірістер департаменті мәліметіне сүйенсек, өткен жылы аймақта 4,8 млрд теңге салық жиналған. Әрі облыста тіркелген көлік саны 5 мыңға артқан. Бұл өз кезегінде салық түсімдерінің ұлғаюына әсер етті.

Мамандардың айтуынша, ең үлкен қиындық – қолданыста жоқ көліктердің салығы. Мысалы, сенімхат арқылы сатылған, нөмірлері жоғалған немесе иелері шетелге көшіп кеткен көліктердің салығы төленбей жатады. Мұндай жағдайлар жалпы берешектің 60%-ын құрайды.

Борышкерлерді анықтау мақсатында жыл сайын полиция қызметкерлері мен жеке сот орындаушылар бірлесіп рейд өткізеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы салыққа қатысты берешек 654,4 млн теңгеге қысқарды.

Әрбір азамат салықты уақытында төлеуі тиіс. Уақытылы жасалмаған төлем түрлі қиындықтарға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан мамандар салықты дер кезінде төлеп, артық шығындардан сақтануға шақырады.