Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сай атаулы әр күн ұлттық болмысты дәріптеуге, қазақы құндылықтарды қалыптастыруда маңызы зор. Соның ішінде «Шаңырақ күні» аясында Өскеменде қазақ киносының алтын қорына енген туындылар көрермен назарына ұсынылды.

16 наурыз – «Шаңырақ күні». Бұл күн отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді нығайтуға арналған. Ең алдымен жиналған жұрт тігілген киіз үйдің ішінде Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмін тамашалады. Осыдан 57 жыл бұрын түсірілген бұл кино әлі де маңызын жоғалтпаған. Одан соң, көрермен назарына «Дос-Мұқасан» фильмі ұсынылды. Бұл – аты аңызға айналған вокалды-аспапты ансамбльдің құрылуы туралы фильм. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл туындылар көрерменге ұлттық құндылықтарды насихаттап, отбасылық тәрбиеге ерекше мән береді.

Кино көрсетіліміне түрлі жастағы көрермендер жиналды. Олардың арасында аға буын өкілдерімен қатар жастар да бар.

Мерекелік шараға 27943 әскери бөлімінің сарбаздары да қатысты. Олар ұлттық құндылықтарды дәріптейтін фильмдерді тамашалап, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени шаралар жастардың рухани дүниесін байытып, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырады.