Облыста өткен жылы бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған абаттандыру жұмыстарының нәтижесі жақсы. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиын барысында айтылды. Сонымен қатар өңірдегі жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады.

Өткен жылы бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы биыл да жалғасын табады. Былтыр өңірде осы акция аясында «Таза бейсенбі», «Таза Аймақ» және «TazaLike» іс-шаралар жоспары бекітіліп, жыл бойы тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылды. Өткен жылы аталған бағдарламаға облыс бойынша 542 мың адам қатысып, 7 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығын атап өтті. Себебі, мұндай шаралар қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан сенбіліктерді тұрақты өткізу маңызды.

Сондай-ақ, жиында өңірдегі жұмыспен қамту мәселесі де талқыланды. Мәселен,былтырғы жылы облыста жұмыспен қамту 101%-ға орындалды. Онда Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 32 103 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Оның 23 671-і тұрақты, ал 8 432-сі уақытша жұмыс орны ретінде қарастырылған. Алайда іс жүзінде 32 435 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 21 437-сі тұрақты, 10 998-і уақытша болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде 8 379, ал өңір кәсіпорындарында 10 000 тұрақты жұмыс орындары ашылмақ. Сонымен қатар, 142 инфрақұрылымдық және инвестициялық жоба іске қосылып, 1 813 жаңа жұмыс орны құрылады. Бұдан бөлек Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында шағын және орта бизнесті қолдауға да басымдық берілмек.