Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай «Казцинк» компаниясы «Жұмысшы болсаң, мықтысың!» акциясына бастамашы болды. Бұл бастама еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеруге және жастар арасында жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге бағытталған. Компанияның қолдауымен Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінде арнайы кабинет ашылды.

Акция аясында колледжде техникалық бейін бойынша дипломдық жобалау кабинеттері мен мәжіліс залы ашылды. Металлургия кабинеттері мен зертханалар мультимедиялық жабдықтармен жарақтандырылды. Осы мақсатқа 4,5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Мұндай заманауи аудиториялар студенттердің таңдаған мамандығының ерекшелігін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Оқу орны өңірдегі ірі кәсіпорындарға қажет аппаратшы-гидрометаллург, металдар мен қорытпаларды балқытушы, машина жасау жабдықтарының слесарь-жөндеушісі, техник-металлург, техник-механик сынды бейінді мамандарды даярлайды.

Бүгінгі таңда өңірдегі 12 мектеп пен колледжде «Жұмысшы болсаң, мықтысың!» акциясы аясында тақырыптық стендттер орнатыла бастады. Бұдан бөлек, металлургия және кен өнеркәсіптері үшін бейінді мамандықтар туралы ақпарат беретін арнайы сайт әзірленуде.