Өскеменде «Дүниежүзілік кітап күні» қарсаңында А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада цифрландыру орталығы ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы халыққа арнаған Жолдауында цифрландыру саласындағы жетістіктерді одан әрі дамыту міндетін қойған еді. Осы бағытта жүзеге асқан бастаманың бірі – кітапхана қорын электрондық форматқа көшіру.

Цифрландыру –кітапхана қызметін жаңа деңгейге көтеруде. Енді А.С. Пушкин атындағы кітапхананың оқырмандары сирек кездесетін кітаптарды да электронды форматта смартфон арқылы оқи алады. Бұл – «CopiBook Open System» атты екі жаңа планетарлық сканердің арқасында жүйеге енгізілді. Цифрландыру орталығы – бұл цифрлық кітапхана құрудың алғашқы қадамы.

Кәсіби сканерлерді сатып алуға қаражат облыстық бюджеттен бөлінген. Жоба Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Ұйымдастырушылар бұл – бір жылдан астам уақыт бойы күткен маңызды бастаманың бірі екенін айтуда. Ал, ҚР Оқу –ағарту ісінің үздігі Қатиза Сәріпова жалпы кітапхана ой өрісті кеңейтіп, жаңашылдыққа жетелейтін орта екенін, бұл жерде жастарды көргеніне қуанышты екенін жеткізді.

Жаңа сканерлер кітаптарды мұқабасына, парақтарына зиян келтірмей цифрландыруға мүмкіндік береді. Бұл – сирек әрі тарихи маңызды басылымдарды сақтауда өте маңызды.