Облыс орталығында Алтай ауданының ауыл-шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағында ұйымдастырылды. Тауар өндірушілер қала тұрғындарына ет, сүт, май, бал сынды түрлі өнімдерді саудалады.

Таң сәріден қызған сауданың ортасында жүрген жұрттың қарасы қалың. Алтай ауданынан жәрмеңкеге он тонннадан астам ауылшаруашылық өнімдері жеткізілді.

Қала тұрғындары күтетін негізгі өнім – ет. Жәрмеңкеге жеткізілген жылқы, сиыр мен қой еті лезде тарады. Алтай ауданының кәсіпкерлері бұл жолы да тұтынушыларды сапалы өніммен қамтамасыз етті.

Ет, сүт, егістікке бай аудан базарлықтарын халық алдына жайды. Сауда сөрелерінде әсіресе ет өнімдерінің түр-түрі тұрды. Қала халқы жәрмеңкеге табиғи әрі таза өнімдерді сатып алу үшін келген. Сапалы өнімдер нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Ал бұған өскемендіктер дән риза.

Келушілердің көңіл күйі көтеріңкі. Қала халқы өндірушіден тікелей бағасы төмен өнім алып қуанса, кәсіпкерлер саудасын жүргізіп, табысын көбейтеді.