Өскемендегі Достық үйінде де жәрмеңке өтті. Қала тұрғындары азық-түлік өнімдерімен қоса, тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешек сатып алды. Халықтың көңіл күйі мен сауданың жайын тілшіміз біліп қайтты.


Жәрмеңкеде ұсынылған тауардың дені – табиғи өнімдер. Өскемендік кәсіпкерлерден бөлек қала іргесіндегі аудандардың шаруалары өз өнімдерін саудалады. Ауылдың дәмін, табиғи әрі сапалы өнімдерді сағынған қала тұрғындары жәрмеңкеден сөмке толтыра қайтты.

Қала орталығындағы жәрмеңкелер жас кәсіпкерлер үшін жақсы мүмкіндік. Мәселен, өскемендік кәсіпкер Мадина Болатбекова ашытқысыз, табиғи қоспадан нан өнімдерін жасап, кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкер мұндай өнімдер адам денсаулығына пайдалы, дейді.


Қала тұрғындары жәрмеңкенің дәл орталықта ұйымдастырылғанына риза. Әсіресе зейнет жасындағы тұрғындар алысқа бармай, сапалы әрі қолжетімді өнімдерді жақын жерден сатып алуға мүмкіндік туғанына алғыс білдірді.


Жәрмеңке – қала мен ауыл кәсіпкерлерін тоғыстыратын тиімді алаң. Табиғи өнімге сұраныс жоғары екенін байқаған сатушылар мұндай жәрмеңкелерді айына бір рет ұйымдастыруды өтінді.