Облыс орталығында өткен мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының VI қысқы Спартакиада аяқталды. Ел біріншілігінде топ жарғандарды марапаттау рәсімі Борис Александров атындағы спорт сарайында ұйымдастырылды. Байрақты бәсекеге кіл мықтылар қатысты. Жарыстың қорытындысын тілші баяндасын.
Жарыстың мақсаты – олимпиада ойындарының алдында ұлттық құрамаға спортшыларды іріктеу. Төрт жылда бір рет өткізілетін VI қысқы Спартакиада 8 ақпанда Өскеменде өткен шайбалы хоккейден бастау алды. Ерлер арасындағы турнирге жиналғандардың қарасы қалың болды. Бұл спартакиадаға 17 облыс пен 3 мегаполистен командалар қатысты. Ал, мәнерлеп сырғанаудан жарыс 7-12 сәуір аралығында өтті.
Софья Самоделкина – білекті спортшылардың бірі. Мәнерлеп сырғанаушы 2026 жылы Италияда өтетін қысқы олимпиадаға лицензия алып, ел намысын қорғайтын болады. Осылайша жарыс жеңімпазы алдыға қойған мақсатына бір табан жақындады.
Жарыс қорытындысы бойынша еліміздің түпкір-түпкірінен келген спортшылар медальдармен марапатталды. Облыс қоржыны да бос қалмады. Мария Сосновская 1 орынды иелесе, Жохангир Әбілқасымов күміс медаль қанжығалады.