Отбасы – жайлылық пен жылулықтың ортасы. Өкінішке қарай жанұяның берекесін қашыратындар кездеседі. Жақындарына күш қолданады, дөрекілік көрсетеді. Бір сөзбен зорлық-зомбылыққа барады. Соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жататын оқиғалар аз емес. Өзекті мәселенің алдын алу үшін жауапты өкілдер түрлі амалдарды қолданып жүр. Ең тиімдісі – танымды әңгіме өрбитін кездесулер, пайдалы семинарлар. Сондай игі шара Қасым Қайсенов кентіндегі орта мектепте өтті.
Шаңырақтың шайқалмауы, айрандай ұюуы әр отбасы мүшесіне байланысты. Берекелі, мерекелі күн кешу өзара түсіністік пен бір-біріне деген жанашырлықта жатыр. Дегенмен, бұны түсінбейтін азаматтар бар. «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы осының алдын алуды, түсіндіру жұмысын күшейтуді мақсат еткен. Әсіресе, жастар жағы аса назарда. Себебі, бүгінгі оқушы ертеңгі ел азаматы, отбасының ұйытқысы.
Ең көп кездесетін отбасылық зорлық-зомбылық жыныс, жас «талғамайды». Сыйластық пен аяушылықты білмейтін туған-туыстан бала да қария да жапа шегуі мүмкін. Әрине, статистика бойынша ең көп зардап көргендер әйелдер. Табиғатынан әлсіз, нәзік туған жандарға ұрда-жық мінезділер күш қолданып жатады.
Қасым Қайсенов кентіндегі орта мектепте өткен семинар соңы емес. Акция аясында 21 сәуірде үлкен флешмоб жоспарланған. Әйтсе де, науқанға жауаптылар тек бір реттік шарамен шектелмей түсіндіру жұмысын ерте бастан пайдалы қып өткізуді мақсат қылған.