Облыс орталығында «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Осы мақсатта Көліктегі полиция департаментінің Өскемен – 1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлі мектеп оқушыларына ашық есік күнін ұйымдастырды. Мамандар жас өрендерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сақтық шараларын қатаң ұстау керектігін айтты.
Оқушылар құқық қорғау органы қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысты. Олардың киім-кешектерін киіп, құрал – саймандарын ұстап, арнайы техникаларына отырып көрді. Мамандар балаларға теміржолдағы қауіпсіздік басты назарда екенін айтты. Шарада түрлі жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық бейнероликтер көрсетілді.
Шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың санын азайтып, алдын алу. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау. Полиция қызметкерлері рейд барысында ойын-сауық кешендерін аралап, қоғамдық орындарды бақылайды. Көліктегі полция департаменті Өскемен – 1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Айдар Қапжапаров профилактикалық жұмыстың нәтижесімен бөлісті. Жасөспірім жедел алдын алу шарасы 6 мамырға дейін жалғасады.