Өскеменде Қанипа Бітібаева атындағы дәстүрлі республикалық олимпиаданың ашылу салтанаты өтті. Білім додасына өңірлік айналымнан өткен 200-ге жуық оқушы қатысты. Байқауды «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен облыстық білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Білім жарысының басты мақсаты – оқушылардың пәндік білімін тереңдетіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарға баулып, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Алғашқы айналымда қатысушылар эссе жазса, екінші бөлімі ауызша сұрақ-жауап түрінде өтеді. Яғни, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша сауалдарға жауап беріп, Қанипа Омарғалиқызының өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық мұрасы және еңбектері бойынша білімдерін ортаға салып, бақтарын сынайды.
Жарысқа елдің әр аймағынан келген қатысушылар олимпиадаға тыңғылықты дайындалған. Олар білім бәсекесінде өз өңірінің намысын абыроймен қорғауға ниетті. Жас зияткерлердің сөз саптауы мен ой тереңдігі, әдебиетке деген ықыласы байқаудың деңгейін айқын көрсетіп отыр.
Олимпиада аясында оқушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама, жетекшілер үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.