Туған жерге туыңды тік! Түлектер өсіп-өнген ауылының қайта түлеп, дамуына үлестерін қосты. Олар шекаралық аймақта орналасқан Жаңаталап ауылына өз қаражаттарынан көпір салды. Бұрын ауыл тұрғындары көктемгі су тасқыны мен қыстағы мұздың қауіпті кезеңдерінде қиналатын. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Рет-ретімен сюжеттен көрелік.
Көпір Терісайрық өзені арқылы өтеді. Ауыл тұрғындарының көбі мал шаруашылығымен айналысқандықтан су арнасынан өту тәуекел туғызатын. Ал жаңа көпір бір жарым айда салынды, енді ол қауіпсіз әрі ыңғайлы жолға айналмақ.
Ел игілігі үшін салынған жаңа көпірдің ұзындығы 12 метр. Жобаның құрылысына шамамен 5 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Ауыл тұрғындары түлектердің бұл бастамасына дән риза. Жаңаталаптық жастар былтыр да ауылға 40 миллион теңгеге тойхана салып берген болатын. Олар «Туған жерге туыңды тік» деген ұғымды іс жүзінде дәлелдеді.
Жаңаталап ауылының мәдениет үйі өткен жылдың желтоқсан айында ашылған. Ғимараттың жаңа келбеті ауыл өміріне ерекше тыныс берді. Бұл жерде келелі кездесу де түрлі мәдени шаралар да өтеді.
Жаңаталап ауылында соңғы жылдары көптеген игі істер жүзеге асырылып, ауылдың әлеуметтік, мәдени тұрғыдан дамуына үлкен үлес қосылуда. Мұндай игі бастамалар мен жастардың белсенділігі ауылдың көркеюіне және дамуына бағытталған нақты қадамдар екені сөзсіз.