«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалпыұлттық сипатқа ие. Президент бастамасымен іске асқан шара межелі уақытынан асса да бүгінге дейін жұмысын тоқтатқан жоқ. Әсіресе, жастардың құлшынысы мақтауға тұрарлық. Акция аясында «Jasyl el» жастар жасағы мен өңір волонтерлері көшет отырғызуды қолға алған.

Қазіргі таңда табиғатты қалпына келтіру – ел дамуындағы басым бағыттардың бірі. Бұл тек орманшылардың емес, әрбір азаматтың ортақ міндетіне айналуда. Экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы мыңдаған азаматтың басын біріктіріп, табиғатты аялауға үндеді. Бос жатқан жерлерді көгалдандыруға білек сыбана кіріскендердің бірі «Jasyl el» жастар еңбек жасақтарының сарбазы Cалтанат Бақытжанқызы. Ол игі бастама болашақ ұрпаққа жасалған ең үлкен инвестициямыз,дейді.

 «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала аумағында ағаш отырғызу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Аталмыш акция барлық аудандар мен қалаларда жалғасуда.

Жер Анаға жанашыр жүректердің тартуы – 300 түп қайың көшеті. Бұл көзге көп болмаса да, игі істің мәні тереңде. Осындай жасыл желек бір жылдың ішінде 600 келі зиянды газды жұтып, 3,5 тоннадан аса оттегі бөле алады. Бұл — он адамның бір жыл бойы еркін тыныс алуына жететін ауа мөлшері.

 «Таза Қазақстан» акциясы – табиғатты қорғау жолында жұдырықтай жұмылған халықтың ортақ еңбегінің айқын көрінісі. Тұрғындардың белсенді қатысуы мен бірлігінің арқасында қаланың келбеті көркейіп, экологиялық мәдениет жаңа деңгейге көтерілуде.