Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы ретте саланы дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан тәжірибесін тарату бағдарламасын жүзеге асыру арқылы өңірде тауарлы-сүт фермаларын іске қосу бағытында атқарылған шаруа көп. Табысты жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар да бар. Соның бірі - Ұлан ауданы Украинка ауылындағы «Украинка» шаруа қожалығы.
Өткен жылы шаруа қожалығы 460 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Ферма соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жарақтандырылған.
Нұрболат Берікханұлы, шаруа қожалығының басшысы:
Толық автоматтандырылған жүйе болып саналады. Әр сиыр өзі келеді Әр сиырды ерекшелендіретін транспондер деп атаймыз. Онда Ай-ди датчиктер болады. Сол датчиктер арқылы бұл сиырлар күніне 3 уақыт кіреді. 3 уақыт сауылуы керек. Яғни әрбір 8 сағат сайын бізде селекционный ворота деп айтылады. Сол есіктен өткен кезде ол өзі бөліп отырады.
Жұмыс автоматтандырылғандықтан бір жүйе арқылы басқарылады. Тіпті ақылды техника сауылған сүттің сапасын да бақылай алады. Өндіріс қуатын арттыруға да ықпалы зор.
Сейілжан Сайлаубаев, кәсіпкер:
Роботтандырылған ферманың басты артықшылығы барлық жұмысты ақылды техника жүзеге асырады. Бұл жерде тек оператор, осеменатор, ветеринар және малшы жұмыс істейді. Бүгінгі күні дәл осындай технологиялар жоғары сападағы сүт алуға мүмкіндік береді. Екіншіден өнім өнімділігі артады. Экономикалық тұрғыдан да тиімді. Шығын аз. Өндірісті ұлғайту мақсатында біз Ертіс әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1 миллиард 400 миллион теңгеге қаржы алдық. Ол ақшаны сүт-тауарлы фермасына қажет құрылғылар мен ірі қара сатып алуға жұмсадық.
Заман талабына сай тауарлы-сүт фермасын іске қосу үшін кәсіпкер мемлекеттік қолдаудан бөлек өз инвестициясын да салған.
Аслан Смағұлов, «EРТІС» ӘКК» АҚ инвестиция департаментінің директоры:
Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін масштабтау аясында ШҚО мал шаруашылығын дамыту және сүт-тауарлы фермаларды жаңғыртуға бағытталған бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жобалардың негізгі мақсат -өндірістік қуатты ұлғайту, материалдық-техникалық базаны жақсарту және заманауи технологияларды енгізу. 2024 жылы 6 жоба Республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге және жергілікті бюджеттен 900 миллион теңге көлемінде қаржыландырылды.
Жобалардың барлығы кестеге сай жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта Алтай және Шемонаиха аудандарында тауарлы-сүт фермалары толығымен іске қосылады.
Салтанат Кеңесбекқызы