Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерге қол қойды. Бұл түзетулер азаматтарды медициналық қызметпен қамтуды және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бүгінде елде тұрғындардың шамамен 83 пайызы сақтандырылған, алайда 3,3 миллионға жуығы әлі де МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Ал өңір тұрғындарының 14,6 пайызы сақтандырылмаған көрінеді.
Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік осал топ санатындағылардың бірқатары үшін жарналар жергілікті бюджет есебінен төленуі қажет екендігін атап өтті. Осыған байланысты халықты МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейтуге бағытталған жаңа шаралар енгізілді. Енді әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарысты және шұғыл деңгейіндегі азаматтар – D және Е санатына жататын тұлғалар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздардың да жарналары жергілікті бюджеттен төленеді.
Әсем Елеубекова, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі бас маманы:
ШҚО-да МӘМС жүйесінен тыс 105 505 адам қалып отыр — бұл өңір халқының 14,6 пайызын құрайды. Республика бойынша жүйемен қамтылмағандар саны шамамен 3,3 миллион адам.Жаңа нормаларға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық және төтенше деңгейде тұрған азаматтар үшін жарналарды төлей бастайды. Бұл 2026 жылы еліміз бойынша жүйеге қосымша шамамен 1 миллион адамды, оның ішінде ШҚО-да 25 мыңнан астам адамды тартуға мүмкіндік береді.
Халықты МӘМС жүйесімен барынша қамту және сақтандырылған азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында заң жобасында жеңілдік кезеңін ұзарту туралы жаңа норма қарастырылған. Енді қатарынан бес жыл бойы жарна төлеген азаматтар уақытша төлем жасалмаған жағдайда сақтандырылған мәртебесін алты ай бойы сақтай алады. Бұрын бұл мерзім үш айды ғана құрайтын.
Ирина Степанова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚОФ директорының орынбасары:
Біздің мақсат – азаматтың төлем қабілетіне қарамай, оның денсаулығына қамқор болу. Бес жыл қатарынан жарна төлеген адам уақытша қиындыққа тап болса да, алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін жоғалтпайды.
Мамандар бүгінгі таңда барлық қатысушы үшін айқын, әділ және түсінікті ережелерге негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалыптасып жатқанын айтады. Басты мақсат – әрбір пациентке дер кезінде, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету.
Талант Тұрсынов