С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында арнайы аудитория ашылды. Мұнда 3 және 4 курс студенттері экономикалық қылмыстарды тергеудің негіздерін меңгереді. Жоба ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің бастамасымен жүзеге асырылды.

С. Аманжолов атындағы ШҚУ - экономикалық қылмыстарды тергеу бойынша микроквалификациялау бағдарламасы енгізілген елдегі сегіз университеттің бірі. Жоғарғы оқу орынының ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, жаңа аудитория студенттердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, еңбек нарығына дайын маман болып шығуына жол ашады.

Мұхтар Төлеген, С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:

Осы арнайы кабинетте арнайы бағдарламалар қолданылады. Мұнда 132 шет елдің банктері және мемлекеттерімен тікелей байланысты бағдарламалық база бар. Сол жүйе арқылы жұмыс істеу де үйретіледі. Яғни, тек теориялық тұрғыда ғана емес, бұл жерде экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері мен жедел қызметкерлері де сабақ өткізетін болады.

Оқу барысында студенттер тергеу әрекеттерін модельдеуге қатысып, іс жүргізу құжаттарын толтыруды, ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуді үйренеді.

Арман Жүнісов, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы:

Болашақта біз осы 3-курс студенттері арасынан білікті, мықты азаматтардан өзімізге агенттікке жұмысқа алуға әзірміз. Сондықтан бұл жастарды қазірден бастап осындай үлкен жұмысқа дайындық ретінде көрсетіп жатырмыз. Тек теориялық дәріс емес, практикалық істер бойынша да білім беруге көрсетеміз. Біз қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Заң және тәртіп» аясында осындай үлкен шаралар өткізіп жатырмыз.

Университет пен департамент арасындағы әріптестік - заң саласында білікті мамандарды даярлаудың кепілі. Шара соңында студенттерге алғашқы тренинг өткізілді.

Кәусар Идаятқызы