Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Өскемен жоғары политехникалық колледжінің ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті. Қазіргі таңда оқу орны «WorldSkills» халықаралық стандарттарына сай білікті мамандарды даярлап, студенттерді өндірістік ортаға бейімдеп келеді. Мұнда шәкірттер заманауи жабдықта білім алып, алдыңғы қатарлы кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді.

Өскемен жоғары политехникалық колледжі республикалық, халықаралық жарыстарда үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, биыл «WorldSkills Shygys-2025» сайысында оқу орны командалық есепте 1-орын иеленген. Ал халықаралық деңгейде колледж студенттері «WorldSkills Lyon» және «Emirates Skills» чемпионаттарында ел намысын қорғап жүр.

Досхан Зиядабек, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы:

WorldSkills жарысы бойынша жыл сайын 1,2 орын алып отырамыз. Екі рет алтын алып келдік, бір рет күміс алып келдік. Шығыс Қазақстан электроника бойынша өте мықты қарсылас деп санайды.

Оқу орнының басты артықшылықтарының бірі - ірі кәсіпорындармен тығыз байланыс. «Силумин-Восток» пен «Өскемен ЖЭО» әлеуметтік серіктестер ретінде студенттерге тәжірибе алаңын ұсынып қана қоймай, олардың кәсіби маман болып қалыптасуына жол ашады. Соның нәтижесінде түлектер оқуды аяқтаған бойда тұрақты жұмысқа орналасып, аймақтың өндірістік әлеуетін арттырады.

Артём Дементьев, «СИЛУМИН-ВОСТОК» ЖШС қызметкері:

Мен Өскемен политехникалық колледжінде оқып жүріп осы жерде тәжірибеден өттім. Жұмыс процесі ұнағандықтан кейін тұрақты жұмысқа орналастым. Әрине, басында қиын болды, бірақ әріптестерім қолдау көрсетті. Қазір жарты жылдай еңбек етіп келемін.

Кәсіпорындар колледжден дайын кадр алса, студенттер өндіріс алаңында тәжірибе жинайды. Осылайша оқу мен еңбек нарығы арасындағы көпір нығая түсуде.

Берік Көкенов, Өскемен жоғары политехникалық колледжі директорының орынбасары:

Жұмысшы мамандықтар жылында біздің колледждің атқарған жұмыстары өте керемет. Біздің алдымызға қойған мақсаттарды орындадық. Үкімет тарапынан ақшалай қаражат бөлініп жатыр. Жаңа мамандықтар ашылып жатыр. Оның ішінде жаңартылатын энергетика мамандығы, екіншісі қашықтықтан басқару мамандығы. Заман талабына сай бұл маманлықтардың сұранысқа ие болып отырғанын көріп отырмыз.

Колледжде білім беру бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай жаңартылып, дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Бұл студенттердің нақты өндірісте тәжірибе жинақтауына жол ашып, кәсіби тұрғыда шыңдалуына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде заманауи өндіріс талаптарына бейімделген түлектер аймақтың ғана емес, елдің индустриялық дамуына үлес қосуда.

Бекарыс Секен