Глубокое ауданы Предгорное ауылындағы станцияға заманауи диагностикалық және медициналық құралдармен жабдықталған «Саламатты Қазақстан» пойызы келді. Білікті мамандар екі күн бойы тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді. Маңызды жоба жайлы тілші сюжетінде.

«Саламатты Қазақстан» денсаулық пойызы жұмысының басталуы салтанатты ашылумен атап өтілді. Жылжымалы құрам бригадасы шалғай елді мекендерді аралауды 21 мамырда бастаған. Аға дәрігер Елнұр Амантайұлы тұрғындарға қандай көмек көрсетілетіндігін түсіндірді. Барлық қызмет түрлерінің тегін екендігін айтып, қажет болған жағдайда мобильді топ та тартылатынын тілге тиек етті.

Елнұр Амантайұлы, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының аға дәрігері:

Біздің ортамызда гинеколог, невропатолог, терапевт, хирург, лор дәрігері бар. Жұмыс уақыты сағат 9 дан 18:00 ге дейін. Одан басқа узи диагностикасы бар. ЭКГ, мамография. Еліміздің 6 аймағында болдық. Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Ақмола облысы т.б облыстарда болдық.

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен іске асырылуда. «Саламатты Қазақстан» пойызының жұмысы елімізде денсаулық сақтау саласын жақсарту мен халықтың денсаулығына қамқорлық жасау бағытындағы маңызды қадам.

Айнұр Раева, аудан тұрғыны:

Ем алуға келдім таңертең дәрігерлер бәрі өте жақсы. Өзім кардиолог маманына, анализ тапсырайын деп келіп отырмын. Бізге қарапайым адамға өте қолжетімді болып тұр. Алыстан келген адамдарға да бәрі бар ішінде бәр мамандық иелері бар.

Бұдан бөлек, жоба аясында заңгерлер мен медиаторлар тұрғындарға тегін көмек көрсетеді. Аудан жұртшылығы кәсіби мамандардан даулар мен жанжалдарды сотқа дейін шешу, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу сынды сұрақтар бойынша кеңес ала алады.

Қымбат Түренова, халықаралық медиатор, заңгер:

Сіздерге жеткенге дейін Абай облысының аймақтарынан өтіп көп станцияларда қаншама азаматтардың құқықтарын қорғауға өтініш, шағымдар жібердік. Қаншама медиативтік келісімшарт жасап көмегімізді беріп келе жатырмыз. Бүгін келген азаматтарды кеңес беріп шағымдарын тыңдауға талап арыздарын жазып беруге көмекке дайынбыз.

Қабылдауға келгендер өздерімен бірге жеке куәлігін ала келуі қажет.

Гүлдана Айдарқызы