«Altay Invest – 2025» форумында жалпы құны 740 миллиард теңгеден асатын 40-тан астам меморандумға қол қойылды. Бұл өңірдегі құрылыс пен өнеркәсіп саласының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың тың серпін алуына жол ашады.
Инвестициялық форумға Қытай, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия, сондай-ақ АҚШ, Армения және өзге де елдердің делегациялары қатысты. Шара барысында Шығыс Қазақстан экономикасының дамуына айрықша үлес қосқан өңірдегі кәсіпорындар марапатталды.
Жиында гидроэнергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де салалар бойынша инвесторлармен меморандумдар жасалды. Форум қорытындысы бойынша жалпы саны қырықтан асатын келісімге қол қойылды.
Шавкат Набиев, Өзбекстанның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарма Төрағасының кеңесшісі:
Біздің негізгі бағытымыз – стратегиялық маңызды минералдарды өңдеу мен өндіру. Атап айтқанда, сирек кездесетін жер металдары. Біз осы өңірдегі әріптестерімізбен бірге Қазақстан аумағындағы жаңа кен орындарын игеру жөнінде келісімге келдік. Сондай-ақ осы аймақта өндірілетін өнімдерді қайта өңдеу мүмкіндіктерін қарастырдық.
Алдағы жылдары аймақта бірқатар ірі гидроэлектростанциялар салу жоспарланған. Соның ішінде Уба өзенінде қуаттылығы 200 мегаватт болатын, құны 200 миллиард теңгелік ГЭС құрылысы, сондай-ақ Шемонаиха ауданындағы Үлбі өзенінде 87 миллиард теңгеге бағаланған жоба қолға алынады. Инфрақұрылымдық жобалар да назардан тыс қалмады. Өскемендегі Серікбаев көшесін ұзартып, көпір салу құны 115 миллиард теңгені құрайды. Ал, Күршім ауданындағы Марқакөлге апаратын автожол құрылысы 62 миллиард теңгеге бағалануда. Бұл жобалар өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, туризм мен бизнестің дамуына берік негіз қаламақ.
Фатима Тілейханқызы, Мирас Сабитпеков