Өңірде халықаралық Қарттар күніне және Жеңістің 80 жылдығына арналған шаралар легі әлі де жалғасуда. Атаулы күнге орай Өскемендегі Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының офицерлері 103 жастағы соғыс және еңбек ардагері Анастасия Павловна Светочеваға барды. Оның тағдыры - жас ұрпаққа ерлік пен батырлықтың нағыз үлгісі.
Анастасия Светочева қоршауда қалған Ленинградтағы жасақ мүшесі, майданда байланысшы Өскеменде ауыр өнеркәсіпті дамытуға атсалысқан. Халықаралық қарттар күні қарсаңында оны мерекемен құттықтау үшін Ұлттық ұлан әскерилері келді. ҚР ҰҰ Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары Бас басқармасы бастығының орынбасары, полковник Арман Бутанов Анастасия Павловнаның ерлігі Отанға қызмет етудің және табандылықтың нақты үлгісі ретінде маңызды екеніне тоқталды. Ол мұндай мысалдар еліміздің жас қорғаушыларының азаматтық ұстанымын қалыптастыруға көмектесетіндігін айтты.
Арман Бутанов, ҚР ҰҰ Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы Бас басқармасы бастығының орынбасары:
Анастасия Павловна сияқты тұлғалардың өмір жолы Отан қорғаушылардың, болашақ ұрпақтың бойында Отан алдындағы жауапкершілік жүгінің салмағын түсінуге септігі мол. Оның ерлігі мен жетістіктері жас ұрпаққа үлгі. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жергілікті гарнизоны әскери бөлімдерінің әйелдер кеңесінің мүшелері Анастасия Павловнаға құрмет көрсету мақсатында оған құрметкөрсетті. Олар Анастасия Павловнаға мереке қарсаңында дастархан жайып, атқарған қызметтеріне орай «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының грамотасын табыс етті, сондай-ақ гүл шоғын сыйға тартты.
Соғыс басталғанда Анастасия Павловна қорғанысқа қосылды – ол ерікті түрде аттанып, тұтандырғыш бомбаларды сөндіруге, үйінділерді тазартуға, қоршау кезінде аштықтан өлгендерді жерлеуге көмектесті. Содан кейін ол ұрыс даласында байланыс бөлімшелерінде қызмет етіп Берлинге дейін жетті. Ол бірқатар жоғары дәрежелі ордендермен және медальдармен марапатталған. «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», 1-дәрежелі Отан соғысы ордені.
Анастасия Светочева, ҰОС ардагері:
Таңертең, оянған соң жаттығу жасауға тырысамын. Мен өзіме іштей «Тұр» деп бұйрық берем. Егер қозғалмасаңыз, одан жақсы ештеңе шықпайды, сондықтан мен көбірек қозғалуға тырысамын. Мен жалғыз тұрамын, ұлым келіп көмектесіп тұрады. Олар келіп, мені құттықтайды және олар маған барынша көмектеседі. Екі жыл бұрын үйді күрделі жөндеуден өткіздік. Қабырғаларды қырып, сылап, әктеп, сырладық. Бұл жай жұмыс болып көрінуі мүмкін, бірақ мен үшін өте маңызды.
Оның өмірі – шыдамдылық пен төзімділіктің нағыз үлгісі. Себебі, ол сұрапыл соғыс жылдары қиыншылыққа төзген, қайта құру кезінде еңбекке араласқан, жауапкершілікті сезіне білген азамат. Сондықтан мұндай кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты сақтап, өткен күндер естелігі жазылған кітап беттерін қайта парақтауға мүмкіндік береді. Жастарға өткенді ұмытпауға, олардың ерлігін ұлықтауға жол сілтейді.
Салтанат Кеңесбекқызы, Алексей Сафонов