Қатерлі ісік – әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Қазақстанда жыл сайын шамамен төрт мың жағдай тіркеледі. Оның 1900-ден астамы – жатыр мойны обыры. Өкінішке қарай, бұл дерт жыл сайын 600-ге жуық әйелдің өмірін қияды. Осы мәселеге қатысты жиын Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өтті.
Тек 2025 жылдың алғашқы сегіз айында өңірде 152 қатерлі ісік анықталған. Оның ішінде 59 – жатыр мойны обыры, 60 – жатыр денесінің, 33 – аналық без обыры. Аталған ауруларды ерте кезеңде анықтау көрсеткіші 50 пайыздан 73 пайызға дейін артқан. Бұл – сәтті емделудің айтарлықтай артқанын білдіреді.
Гүлмира Сағидуллина, Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры:
Бұл қатерлі ауру бірден байқалмайды. Барлығы неден басталады? Жатыр мойнының шырышты қабаты бар, ол эпителиймен қапталған. Әр жолы, обыр дамығанда, ең алдымен осы эпителий жасушаларында өзгерістер басталады. Сондықтан біз жатыр мойнына скрининг жүргізгенде, жағынды аламыз, оны зерттейміз. Жауап бірден «рак» деп шықпайды. Мысалы, «эпителийде өзгерістер бар» деп көрсетуі мүмкін. Біз оны жеңіл, орташа немесе ауыр дисплазия деп атаймыз. Ал ауыр дисплазия – обырға өту алдындағы қауіпті кезең. Сол үшін де скринингтің мақсаты – міндетті түрде қауіпті дертті тауып, оны іздеу емес. Өзгерістерді анықтап, есепке алып, науқасты сауықтыру, емдеу. Яғни, аурудың ауыр сатыға өтуіне жол бермеу.
Дәрігерлердің айтуынша, ісік жасушалары 5–10 жыл бойы дамуы мүмкін. Сондықтан тұрақты гинекологқа қаралу, цитологиялық жағынды тапсыру, АПВ-на тестілеу және жасөспірім қыздарға вакцина салдыру – аурудың алдын алуға немесе ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Серік Мұхамеджанов, Маммология және онкогинекология бөлімінің меңгерушісі:
Сүт безі мен әйел ағзасы ісіктерінің пайда болуы – әлі де толық зерттеліп бітпеген мәселе. Ісіктердің пайда болуына көптеген факторлар әсер етеді. Көбінесе бұл аурулар орта және егде жастағы әйелдерде кездеседі. Бірақ соңғы уақытта жас қыз-келіншектер арасында да жиі анықталуда. Бұл ісік көбіне белгілі бір типті адам папиллома вирусынан туындайтыны дәлелденген. Сондықтан оған қарсы тікелей алдын алу жолы – ол вакцинация. Қазақстанда қыз балаларға 11 жастан бастап вакцина егу қолға алынған. Бұл – жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған алғашқы профилактика.
Гинекологиялық қатерлі ісікке қарсы ақпараттандыру аясында онкологиялық орталық пен аудандық ауруханаларда тұрақты түрде бірыңғай ашық есік күні ұйымдастырылды. Мұндай шаралар медициналық қызметтің сапасын арттыра түседі.
Фатима Тілейханқызы