1 қазан - халықаралық қарттар күні. Бұл мереке 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды. Содан бері дәстүрлі түрде тойланып келеді. Күні кеше атаулы датаға орай Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапханада жаңа жоба таныстырылды. Тілші тізбектеп айтады.

Облыс орталығында «Кітапхана – егде жастағы адамдарды зияткерлік дамыту орталығы» атты жаңа жоба көпшілік назарына ұсынылды. Шараның мақсаты – зейнеткерлерді цифрлық сауаттылыққа баулу, күнделікті өмірде заманауи технологияларды пайдалана білуге үйрету. Мұнда қарттар үшін «Менің смартфоным» үйірмесі, «Жасанды интеллекті пайдалану» дәрістері және қазақ, түрік, ағылшын, француз тілін үйрету курстары жүйелі түрде өткізіледі.

Бақыт Құмарова, қала тұрғыны:

ЖИ туралы үйренуге келіп жүрмін. Өте қызықты, мұнда материалдарды жазылған материалдар, мақалаларды өңдеуге болады екен. Суреттерді де өңдеуге болады екен. Ескі суреттерді өңдеп, ол ескі суреттерді жандандыруға болады екен, сөйлеттіруге болады екен. Соның бәрі қызықты болғандықтан осында келіп үйреніп жүрмін.

Бұдан бөлек, жоба аясында «Паперкрафт» клубы да жұмыс істейді. Қатысушылар қағаздан 3D бейнелерді жасап, саналарын сергітеді. Ал, «Көңілді кештер» кездесулерінде сан тақырыптарда сұхбаттарға қатысып, оқыған кітаптарын талқылайды.

Зәуре Алмабаева, қала тұрғыны:

Бос уақытымда осы Оралхан Бөкей атындағы кітапханаға келемін. Немерелерімізді ертіп келемін. Өзімнің бос уақытымда мынандай қағаз өнімдерінен дайын өнімдерді сызылған модуль бойынша кесіп, әртүрлі бұйымдар жасаймыз.

Бүгінгі күні жобаға жетпіске жуық қатысушы тіркелген. Мамандар үш алаң бойынша жұмыс істеуде. Әр клубтың белгіленген уақыты бар. Барлығы зейнеткерлер үшін тегін.

Айгүл Ахметжанова, О. Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары:

Барлық салалар қазір жаңа технология, жи көшіп жатса бұл кісілер тұтынушылар сондықтанда бұл кісілер де оны білу керек. Егов арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін алғанға үйретіледі. Дәрігерге онлайн жазылу сол сияқты күнделікті тұрмысқа қажетті өздері ешқайда бармай – ақ үйде отырып, жаңа технологияның көмегімен бірталай шаруаны атқаруға болады, міне осыған үйретеміз.

Шара аясында мекеме ұжымы қарттарды төл мерекесімен құттықтап, ақ жарма тілектерін жаудырды.

Қарақат Жақсылыққызы, Гүлдана Айдарқызы