Республика күні елімізде кең көлемде аталып өтті. Алтай қаласының Мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Мереке аясында туған жерге еңбек еткен азаматтар марапатталды.

Елдіктің бастауы болған бұл күннің мәні тереңде. Қазанның 25-і азаттықтың алтын қазығы қағылған күн ретінде киелі. Ал, Егемендік туралы декларация - Қазақстанның тәуелсіздікке жолын ашқан маңызды құжаты. Соның арқасында ұлтымыздың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырды. Ұлттық мерекені ұлықтау ел рухын асқақтатып, отансүйгіштікті дәріптеді. Атаулы күнге орай Алтай ауданында салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік концерт шымылдығы ел рухын көтерер әнұранмен түрілді. Ал аудан әкімі Ренат Құрмамбаев жиналған қауымды Ұлттық мерекемен құттықтады.

Ренат Құрмамбаев, Алтай ауданының әкімі:

Бұл халқымыздың тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауын, азаттық пен егемендікке деген ұмтылысын айқындайтын ерекше күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Республикасыны мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуына негіз қаланды. Осы мереке күнде өз тілегімді қазақ еліне әрбір азаматтарына арнап тек қана жақсылық тілегім келеді.

Алтай ауданының дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан жандарға алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. «Еңбек ардагері» медалімен Тайбазар Рахметов марапатталса, ауданның үздік кәсіпкерлері мен ұйым жетекшілеріне облыс әкімі Н. Сақтағановтың алғыс хаты берілді. Ауданда коммуналдық және өндіріс саласының үздік қызметкерлері де марапатталды. Әрқайсысы күнделікті еңбегімен Отанға адалдығын дәлелдеп келеді. Рәсім барысында оларға 500 мың теңге көлеміндегі сертификаттар табыс етілді. «Үздік кәсіпқой» номинациясында марапат 30 жылдық тәжірибесі бар краншы Дмитрий Болотовқа берілді.

Дмитрий Болотов, Алтай қ. Өнеркәсіптік алаңның концентраттарды қалыңдату және сүзу учаскесінің кран машинисті:

Жұмысымды бірнеше жылдан бері адал әрі жауапкершілікпен атқарып келемін. Өндірістегі күрделі жағдайларда сабырлы болып, дұрыс шешім қабылдауға тырысамын. Осы орайда барша қауымды республика күнімен құттықтаймын.

Владимир Боровиков, «ПЛЮС» ЖШС қызметкері:

Жұмысымды 8 жылдан бері атқарып келемін. Мен өндірістегі ең жауапты және күрделі механизмдермен жұмыс істеймін.Өндірісіме адалдық пен жауапкершілік - басты принципім.

Бұдан бөлек, мерекелік шара аясында көрме ұйымдастырылды. Әрбір экспонат өз тақырыбы мен маңыздылығын ашты.

Гүлдерайым Мұқашева, Алтай қ. №11 орта мектебінің мұғалімі:

Біз Алтай қаласы номері 11 орта мектебінің атынан А.Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған көрмесін әкелдік. Бұл жерде Абайдың шығармашылығына арналған кітапшалар, әрқайсысында QR берілген, оқушылар өздері шығармалармен таныса алады.

Мерекелік жиынға тұрғындар да белсене қатысып, ризашылығын білдірді.

Мерекелік шара соңы от шашуға жалғасты. Бұл мереке - ұлтты ұйыстырып, халықты жігерлендіре түсті. Сол үшін де еңселі елдіктің бастауы болған бұл күннің мәні зор.

Бекарыс Секен