Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Әділетті Қазақстан-Адал азамат» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны ұйымдастырушылар ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің аймақтағы департаменті, «Тәуелсіз зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі. Мақсат- жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Мемлекеттік қызметшілердің ашық әрі әділ болуы қоғамның мемлекеттік институтқа деген сенімін арттырары сөзсіз. Бүгінгі таңда аталған мәселеге жіті назар аударылған.Қоғамдағы теріс әрекеттердің бірі- сыбайлас жемқорлық. Өңірде бұл кеселмен күрес шаралары кешенді іске асырылуда. Бұған дәлел - Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен дөңгелек үстел. Жиында мамандар құқық бұзушылықтардың алдын алу, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқылады.

Дархан Хайруллин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті басшысының орынбасары:

Шараның мақсаты –сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, аталған іске қатысты құқықбұзушылықтың таралуына жол бермеу. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасу. Алдағы уақытта департамент мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және әдеп кодексінің сақталуын қатаң бақылауға алмақ.

Бүгінгі қоғамға адал әрі бәсекеге қабілетті маман қажет. Ал мұндай азаматтарды тәрбиелеу ісін жүзеге асыру үшін, нақты шараларды жедел іске асыру маңызды. Сондықтан жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру бастамасы үздіксіз іске асырылуы тиіс.

Жанар Қабидоллақызы, «Тәуелсіз зерттеу орталығы» ҚБ басшысы

Бұл шараға мемлекеттік органдар ғана емес, қоғам қайраткерлері де қатысуда. Бұдан бөлек, жиынға ант қабылдаған жас мемлекеттік қызметшілерді де шақырдық. Себебі, жастар қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне бей-жай қарамауы тиіс.

Әділетті қоғам қалыптастырамыз десек, әр азамат бұл бастамаға өз үлесін қосуы тиіс. Адал еңбек, бекітілген заңға бағыну - бұл мемлекетке деген сенімді арттыратын басты құрал.

Гүлмира Байркенова, С. Аманжолов атындағы ШҚУ қауымдастырылған профессоры:

Дөңгелек үстел барысында көтерілген тақырып өзекті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырамыз десек, қоғам болып әрекет етуіміз қажет. Мемлекет басшысы да халыққа арнаған әр жолдауында осы мәселеге баса назар аударып келеді.

Жиынға жас мемлекеттік қызметшілерде белсене қатысты. Өз ойларын ортаға салды.

Әлия Аралова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің бас маманы:

«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» дөңгелек үстелі барысында көтерілген тақырыптар өте өзекті. Шара аясында жас мемлекеттік қызметшілерге қажетті ақпаратты алдық.

Бүгінде мұндай кездесулер қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстың маңызды бөлігіне айналып отыр. Әділетті Қазақстанды құру ісі – мемлекеттік қызметте жүрген тәжірибелі мамандар мен кәсібін енді ғана бастаған жастарға дейін баршаға ортақ маңызды міндет.

Сая Жарасқызы, Руслан Абугалиев