Өскеменде мектеп оқушыларына арналған «Grant Fest» фестивалі өтті. Шарада жетекші университеттер өздерінің білім беру бағдарламаларын көпшілік назарына ұсынды. Мектеп оқушылары ЖОО мен мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат алды. Университет өкілдеріне өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.

«Grant Fest» мақсаты – оқушыларға жоғары білімге қол жеткізуді жеңілдету, саналы таңдау жасауға көмектесу және аталған саладағы соңғы мүмкіндіктермен таныстыру.

Құндыз Мұратова, «Grant Fest» орталығының негізін қалаушы:

Жалпы «Grant Fest» білім беру орталығы ҰБТ-ға 5 жыл көлемінде дайындалып келеді. Осы орайда туындаған басты мәселе оқушылар жоо таңдаудан қиналады. Сол себептен де екінші жыл қатарынан үлкен әлеуметтік жоба өтіп жатыр.

Айзере Мұратова 11-сынып оқушысы. Болашақта логопед-дефектолог маманы атануды көздейді. Ол бұл шарада көкейінде жүрген сан сауалдың сұрақтарына жауап алғандығын айтты.

Айзере Мұратова, мектеп оқушысы:

Өзімнің таңдап отырған биология, география пәнінен қандай да басқа мамандықтарға түсуге болатынын, оларға қаншалықты грант бөлінетінін, қай пәндерде грант аз, қай пәндерде көп қайсы тиімді екенін біле алдым.

Елордалық студент Қаламқас Әджіқұл шараға екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Ол мектеп оқушыларына білім гранттарының бөлінуі жайлы хабардар ету маңызды дейді.

Қаламқас Әджіқұл, Maqsut Narikbayev University өкілі (Астана):

Гранттардың бізде түрлері бар. Мемлекеттік гранттан бөлек, спонсорлық гранттармен, ректорлық гранттар деп айтамыз ғой, соларды бөліп жатыр. Сол туралы білсе екен дейміз көбірек.

Фестивальде жоғарғы оқу орындары студенттері мен мектеп оқушыларына грант негізінде оқуға түсу үшін қанша балл жинау керектігі де айтылды. Осылайша «Grant Fest» мамандық таңдау алаңына айналды.

Аяулым Усинова