Облыстық филармония сахнасында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Зайсан ауданының мәдениеті мен өнерін дәріптеген ерекше шара – «Жайсаң Зайсан елі шақырады!» атты мәдени кеш өтті. Кеш аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Көрмеге Зайсандағы барлық ауылдық округтері қатысты. Келушілер ең алдымен ауданда өндірілген табиғи өнімдерден дәм татып, ұлттық қолөнер бұйымдарымен танысты.

Ермек Қорабаев, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

Біздің шаруа қожалықтары өздерінің өнімдерін әкеліп жзатыр. Мына жерде «Miglior» суы, «Али шаруа қожалығы» бар. Колледж 80 жылдығы болып жатыр. Абайдың 180 жылдығына кітапханамыз көрме әкеп жатыр.

Үлкен Қаратал ауылындағы «Ақбай» шаруа қожалығы он үш жылдан бері кәсібін дөңгелетіп келеді. Сонымен қатар, мұнда 2023 жылдан бастап шұжық өндіретін цех ашылған. Шұжықтың 4 түрінен айына 100 кг өндіріледі. Зайсаннан бөлек, өнім тікелей Өскемен, Алматы қалаларына экспортталады. Кәсіпорын шұжықтан басқа ысталған құйрық май, жылқы еті, жартылай дайын өнімдерді де шығарады.

Мереке Сайранов, Қаратал ауылдық округінің әкімі:

Бұл шаруа қожалық 2012 жылы құрылған. Сол жылдан бастап қазақи ақбас сиырларды өсірумен айналысады. 2023 жылдан бастап Үлкен Қараталда шұжық өндіретін цех ашты. Ол жерде сиыр, жылқы етінің шұжықтарын дайындайды.

Мәдени кешке келген қала тұрғындары Зайсан жұртының қонақжайлығы мен өнерін жоғары бағалады.

Гүлжиян Акрамханова, қала тұрғыны:

Өте тамаша өтіп жатыр. Қуаныштымын. Жерлестеріме жақсылық тілеймін. Осылай өнерді, ұлттық құндылығымызды паш етіп, осындай шараның жалғасып жатқанына қуанштымын. Бар жақсылық болсын.

Бақытбек Айдарханұлы, қала тұрғыны:

Ежелден мәдениеті дамыған, жақсы аудандардың бірі ғой. Ұйымдастырылуы өте жақсы. Көрмелерін көріп жатырмыз. Шаруа қожалықтары, кәсіпкерлерін өнімдерін әкеп жатыр екен. Барлығы ұнады. Бұл киелі мекен. «Алтын адам» шыққан мекен. Сондықтан да жаман болуға тиісті емес.

Кеш барысында Зайсан ауданының білім саласындағы жетістіктері де таныстырылды. Атап айтқанда, Зайсан технология колледжі көпшілік назарына өз тарихы мен жетістіктерін ұсынды.

Ерік Сейілханов, Зайсан технология колледжінің директоры:

Зайсан технология колледжі 1945 жылы құрылдған. Мерейлі тойы 80 жылдығын атап өттік. Колледжде 162 студент 8 мамандық бойынша білім алуда. Лицензиямыз бар. 2020 жылы ШҚО бойынша «Ең үздік мекемесі» атанған болатынбыз. Осы орайда біз «Кәсіптік дағды» орталығын аштық. Ашылуында директорлар кеңесі өткізілген.

«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясындағы бұл кештің мақсаты – өскемендіктерге Зайсан өңірінің тыныс-тіршілігін, мәдениеті мен әлеуетін кеңінен таныстыру.

Кеш соңында Зайсан өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Фатима Тілейханқызы