Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз күн сайын өз еңбегімен өңірдің ғана емес, бүкіл елдің дамуына зор үлес қосып жүрген жандармен таныстыруды жалғастырамыз. Бұл жолғы кейіпкер – Андрей Лисицын. Ол жылу энергетика саласына қырық жылдан астам ғұмырын арнаған жан. Өз ісіне адалдығы мен кәсіби шеберлігі арқылы ол өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді.

Андрей Лисицының еңбек жолы дәнекерлеуші лауазымынан басталды. Дегенмен, ол бұл мамандыққа балалық шағынан қызыққан. Әке ізін жалғап, осы кәсіпке келген.

Андрей Лисицын, Алтай қаласы жылу және су орталығының жылу желілері учаскесінің шебері:

Мен ол кезде тоғыз жаста едім. Әкем осы жерде жұмыс істейтін. Менің де соған қарап қызығушылығым оянды. Негізі, мен жүргізуші болғым келетін, бірақ ол «Жүргізуші кез келген уақытта бола аласың, ал дәнекерлеуші – әрқашан нан табатын мамандық», – деді. Сол сөзі менің өмірлік жолымды айқындады. Кейін техникумға оқуға түстім,Бұл салаға келгеніме өкінген емеспін. Әкеме, осында бірге еңбек етіп жүрген барша әріптестеріме алғыс айтамын. Олардан көп нәрсе үйрендім. Қазіргі уақытта жас мамандарға осы мамандықтың қыр-сырын үйретіп келемін.

Бүгінгі таңда Андрей Александровичтің басшылығымен қаладағы жылу жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін бүтін бір ұжым еңбек етуде. Ол тек өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, жастарға керемет тәлімгер. Әр жыл сайын оның бөлімінде колледж студенттері тәжірибеден өтіп, құнды білім мен тәжірибе алады.

Андрей Лисицын, Алтай қаласы жылу және су орталығының жылу желілері учаскесінің шебері:

Өндіріс үш негізгі тірекке сүйенеді. Біріншісі – дәнекерлеу, өйткені ол барлық жерде қажет. Екіншісі – электр мамандары, себебі бүкіл экономика электр энергиясына негізделген. Үшіншісі – айналмалы бөлшектерді өңдеуші. Себебі, мұндай бөлшектерсіз жұмыс жүрмейді. Бұл – өндірісті ұстап тұрған үш басты мамандық.

Андрей Лисицын үшін мамандығы – тек жұмыс қана емес, өмірін арнаған сүйікті кәсібі. Ұзақ жылдар бойғы еңбегі бағаланып, «Құрметті энергетик», «Құрметті құрылысшы» төсбелгілерінің иегері атанған. Бұдан бөлек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолын салуға қосқан үлесі үшін марапатталған.

Талант Тұрсынов, Дильназ Мурзагалиева