ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбаздары облыс орталығындағы көрермен назарына «Ант» қойылымын ұсынды. Тың туынды әскери өмірдің шынайы келбетін қалың көпшілікке жеткізуді көздейді.Осы арқылы сарбаздар жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырмақ.
Сахналық көрініс арқылы көрермендер әскери өмірдің шынайы болмысын, сарбаздардың күнделікті тәртібін, жауапкершілікке толы қызметін сезінді. Қойылым арқылы жас сарбаздардың қызметінің маңызын ашып, олардың Отан алдындағы борышына деген құрметін арттыра түсті.
Сарбаздар арасында «Бажалар», «Сәке» фильмінде бірнеше рөлдерді сомдаған театр және кино актері Рамазан Өмірзақ бар.Ол қойылымның қоюшы режиссері әрі басты рөлді сомдағандардың бірі. Рамазан Өмірзақ бұл қойылым сарбаздардың шығармашылық шабытынан шыққан алғашқы туынды дейді.
Рамазан Өмірзақ, ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбазы
Әскердегі солдаттар өзіміз отырып ақылдасып сценарий жаздық. Қандай идея болуы мүмкін. Солдаттар арасында кастинг болып, осыны құрайық деп. Бірінші сәл талантты деген солдаттарды жинап алдық. Одан кейін еркіндік бердік. Армиядағы көзқарасың, қалай келдің әскерге, тура соны айтасың деп. Өздерін ашық, шынайы сөйлеуге.
Қойылымдағы офицердің рөлін сомдағандардың бірі , 5518 әскери бөлімінің сарбазы Әділ Құттыбаев. Актерлік саладан арнаулы білімі болмаса да, тележүргізушілік қабілетінің қарымын шыңдап, бөлініп берілген рөлді ойнап шығу үшін бар күш-жігерімді салдым дейді.
Әділ Құттыбаев, ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбазы
Бұл мен үшін әскерде өзімді актер ретінде көруіме жаңаша бір есік ашып берді. Бұрын спектакль ойнап көрмегенмін, бірақ сырт көз сынап қараса да өзінің бағасын береді ғой. Актер ретінде де қабілетің бар екен деп жатыр. Мүмкін бұл актерлік қабілетімді ашуға мүмкіндігін берген шығар деп ойлаймын.
Ал көрермендер тарапы сарбаздардың актерлік шеберлігі жоғары деңгейде екендіктерін айтып, қойылымға оң бағасын берді. Нұржан Нұрлан әскери қойылымға көрермен болып алғаш рет келгендігін айтады.
Нұржан Нұрлан, қала тұрғыны
Мен осы спектакльге бірінші рет келіп тұрмын. Маған өте қатты ұнады. Осы әскери өмірмен танысу мақсатында осы спектакльге келіп тұрмын.
Шараны ұйымдастырушылар әскери өмірдің шындығын бүге-шүгесіне дейін, еш бүкпесіз шынайылықпен жеткізуге тырысқандықтарын айтады.
Аяулым Усинов