Марқакөл ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Биыл он тұрғын үй салынып, бірқатар отбасы баспаналы болмақ. Олардың арасында кезекте тұрғандар, халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы жанұялар бар. Рет –ретімен тілші баяндасын.
«Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы - өңірдің дамуы мен халықты қолдауда маңызды рөл атқарады. Жоба көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Соңғы екі жылда облыста 755 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша шамамен 6 мың отбасы жаңа қонысқа ие болды. Сонымен қатар, 1065 пәтер әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға салынған. Ал тағы 628 пәтердің құрылысы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
Нұрсұлтан Бидахмет, Марқакөл ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының м.а:
10 үй салынып жатыр. Оның ішіндегі көпбалалы отбасыларға арналған 8 үй, жетім балаларға арналған екі үй салынып жатыр осында. Барлық құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде.
Жоспарға сәйкес, қазан айында барлық үйлердің құрылысы аяқталды. Қазір «Отбасы банкі» арқылы жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде кезекте 89 азамат тұр. Олардың он жетісі көпбалалы отбасы. Жергілікті кәсіпкерлер де ауданның инфрақұрылымын дамытуға өз үлестерін қосуда.
Ришад Қасымбеков, мердігер:
Осы ауданның тумасымын, осы жерде кәсіпкерміз. Биыл Бір қабатты Шығыс бағдарламасы бойынша үйлер салдық. Қазір үйлер толығымен бітіп тұр. Адам кіруге дайын. Құжаттарын рәсімдеумен сонымен жүрміз қазір. Бір үйді салу үшін екі жарым үш айғой.
Жыл басында әкімдік пен мердігер ұйым арасында меморандумға қол қойылған. Олар тек нысандарды салып қоймай, инженерлік – коммуникацияны, инфрақұрылымды толық жүргізуді қарастырған. Алдағы уақытта ауданда жасалатын іргелі істер көп. Жоспар бойынша барлығы кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Гүлдана Айдарқызы, Мирас Сабитпеков