Күз айы бастала салысымен елде 1 млн 280 мыңнан аса адамнан жіті респираторлық-вирустық инфекция анықталды. Олардың 66 пайызы балалар. Мамандар мұны маусымаралық кезеңмен байланыстырып отыр. Ал, аймақта 1 қазан мен 17 қараша аралығында жедел респираторлық вирустық инфекцияның 45 мыңнан астам жағдайы анықталған. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында денсаулық сақтау саласының мамандары бас қосып, жұртшылықты алаңдатқан мәселені қозғады.

Аурушаңдықтың басым бөлігін – 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Биыл бұл санатта 27 мыңнан астам жағдай анықталған. Зертханалық тексерулердің нәтижесі бойынша респираторлық вирустардың басқа да түрлері анықталған. Оның ішінде риновирус – 63, аденовирус – 29, бокавирус – 1 жағдайды құрап отыр.

Назигүл Сапарғалиева, ШҚО-ның бас инфекционисті:

Жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауырған науқастардан 368 сынама алынды. Солардың бесеуінен «Гонконг тұмауы» деп аталатын H3N2 вирусы анықталды. Аталған жағдай Өскеменде тіркелген. Тұмау жағдайлары өткен аптадан бері, яғни 10 қарашадан бастап тіркеле бастады. Ауру жұқтырғандардың төртеуі – 14 жасқа дейінгі балалар. Бір жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және екпе алғандар арасында тұмау жағдайлары анықталмаған.

Ал бір жасқа толмаған 728 бала және 126 жүкті әйел дәрігерлердің қатаң бақылауында. Тұмаудан сақтанудың бірден-бір жолы – вакцинация. Одан кейін қарапайым гигиеналық талаптарды сақтау. Өңірде биыл тұмауға қарсы 75 мың доза вакцина сатып алынған. Жергілікті бюджет есебінен алынған екпені халықтың бірқатары салып үлгерді.

Еркем Қалибекова, Ана мен бала орталығының бөлім меңгерушісі:

Біздің тарапымыздан фильтрларда жұмыс жүріп жатыр. Мобильді бригадаларды іске қостық. Тұмаумен ауырған балаларды госпитализация жасап, әкелген күннің өзінде қазір ыстықтары 7-10 күнге дейін көтерілуде. Бұл баланың иммундық системасы. Яғни, иммундық система жоғары болса барлық инфекция жеңіл ағымда өтеді. Сол үшін су балансы маңызды. Яғни, беру керек жылы су беру.

 Мамандардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жағдай ушыға қойған жоқ. Көпжылдық көрсеткіштен аспағандықтан, облыста қосымша шектеу шаралары енгізілмеді.

Фатима Тілейханқызы