Облыс орталығында «Көшбасшылық – өңірдің тұрақты дамуының негізі: стратегия, жауапкершілік, болашақ» атты облыстық форум өтті. Жиында өңірдің қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарына белсенді қатысып жүрген әйелдер қауымы бас қосты.
Бұл шараның мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік ортадағы рөлі мен өңір дамуына қосып келе жатқан үлесін айқындау. Форумның алғашқы сессиясында түрлі саладағы қыз-келіншектер жетістікке жетудегі ой-толғамдары мен тәжірибелерін ортаға салды. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сауле Рахметуллина жастарды жаңаша көзқарасқа бағыттаудың маңызы мен жаңа идеяларды іске асыру жайында әңгіме өрбітті.
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:
Бұл форумның идеясы өте зор. Қазір көшбасшылық деген ол не? Көшбасшылық деген – біреудің жауапкершілігін өзіне алатын емес, ол жалпы жұмыстың идеясын бірге дамыту үшін өзіне жауапкершлік алатын адам. Сол үшін біздің өңіріміз Қазақстанның дамуы үшін жастарға көшбасшылық деген не? Көшбасшы қандай болуы керек? Не керек? Қандай орта керек? Осы сұрақтарға жауап береміз.
Екінші сессияда қоғамның маңызды салалары жан-жақты талқыланды. Репродуктивті денсаулықтың отбасы тұрақтылығын сақтаудағы рөлі, бала тәрбиесінде отбасы–мектеп–қоғам байланысының маңызы, отбасылық дауларды заманауи тәсілдермен шешу жолдары сарапқа салынды.
Аяужан Әшімова, ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Бүгінгі комиссия мүшесі ретінде қоғамдағы отбасылық құндылықтарды, бала, ұрпақ тәрбиесі мен әйелдердің мүмкіндіктері, тең мүмкіндіктер туралы айтамыз. Осы жерде жиналған әр істе өзі көшбасшы болып, өзінің мүмкіндіктерін жүзеге асырып отырған азаматтар мен азаматшалар пікір алмасып, тәжірибесімен бөліседі.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина және облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жиында сөз сөйлеп, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен стратегиялық дамуына әйелдердің қосып жатқан үлесінің мол екеніне тоқталды. Осындай шаралар бізді алдыға жетелеуге, жетістікке жетуге итермелейді, - дейді Ербол Нұрғалиев.
Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Әйел адам заты – үлкен жаңалықтың жаршысы, еңбекқор, қоғамды алдыға сүйрейтін жандар деп білеміз... соны талқылаймыз.
Бұл форум – іскер және белсенді әйелдерді біріктіретін жаңашыл форматтағы қауымдастық. Форум барысында облыстың бірқатар белсенді азаматтарына өңір басшысының атынан алғыс хаттар табысталды.
Фатима Тілейханқызы