Марқакөл ауданының мәдени күндері сенбілік жәрмеңкеде жалғасын тапты. Ауылшаруашылық жәрмеңкесі дәстүрге сай «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағында ұйымдастырылды. Марқакөлдік кәсіпкерлер өздерінің экологиялық таза, табиғи өнімдерін алып келген.

Марқакөл ауданы бұл жәрмеңкеге ерекше дайындықпен келген. Сенбілік жәрмеңкеге жиналған жұрт қарасы қалың. Барлығы табиғи таза өнімді алғандарына дән риза.

Мұхаммед Бақытбек, қала тұрғыны:

Ауылдың таза өнімдері, еттер. Неше түрлі қолдан жасалған заттарды әкелген. Бағасы қолжетімді. Арзан. Адамның қарасы өте көп мұнда. Біз ет алғалы келдік. Жеңгем екеуміз келгенбіз. Ол алып жатыр. Бағасы жақсы екен, арзан деп жатыр.

Өңірдің бес ауылдық округіндегі шаруалар өз өнімдерін әкеліп, қала тұрғындарына ұсынуда. Тауар өндірушілер ет, қымыз, сүт, бал, көкеніс сынды түрлі өнімдерді саудалады. Қала халқы әдеттегідей кезекті жәрмеңкеге ертелетіп ағылды.

Игорь Черкасов, қала тұрғыны:

Мен ауылшаруашылық жәрмеңкесіне үнемі келемін. Мұнда табиғи, таза өнімдер кең көлемде саудаланды. Ең бастысы, қолжетімді бағада. Өзім тамақтың сапасына да мән беремін. Ешқандай қоспасыз, ауылдың таза, қол өнімдерін тұтынғанды жақсы көремін.

Таң атысымен «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағында қызу сауда тоқтаған жоқ. Тұрғындар үшін бұл — ауылдан тікелей жеткізілген жаңа тағамды тиімді бағамен алудың бірегей мүмкіндігі.

Райхан Жакипова, саудагер:

Марқакөл ауылынан келіп тұрмын. Сиыр мен жылқы етін сатып тұрмыз. Сиыр еті -3300, жылқы еті – 3500 тг ден сатып тұрмыз. Халыққа қолжетімді бағамен сатылып жатыр.

Жәрмеңкені ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шараларды өткізу – тауар өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді.

Нұрсұлтан Бейсенов, Марқакөл ауданы әкімінің орынбасары:

Жылқы етінен 2,5 тонна әкелдік. Ірі-қара 2 тонна. Қой еті – 3 тонна және құрт, сары май өнімдері – 100 кг астам әкеліп отырмыз. Енді осындай жобалар үлкен мүмкіндік аудан үшін... өте үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.

Марқа өңірінің табиғи таза өнімдері көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Ұйымдастырушылар мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.

Фатима Тілейханқызы