«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Марқакөл ауданының мәдени күндері өтті. Марқа өңірі биыл бұл мәдени шараға алғаш рет қатысып отыр. Жеке аудан болып құрылған өңір қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлап, керемет әсер қалдырды.
Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы келді. Мұнда Марқакөл ауданының табиғаты, тарихы және бүгінгі тыныс-тіршілігін танытатын экспозициялар көрмеге қойылған. Осы арқылы ауданның әлеуетін облыс жұртшылығына жан-жақты таныстырамыз, - дейді аудан әкімі.
Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:
Жүзден астам өнерпаздарымыз келді. Олар өз өнерлерін көрсетіп, ағайындардың басын қосып, бірлікке шақыратын мерекелік акция болып табылады. Келесі күні жәрмеңке ұйымдастырамыз. Ауылдың дәмдерін әкеліп отырмыз. Бұл акция барысында біз өзіміз аудан көлемінде, ауылдық окургтерде бұл шараны ұйымдастырып, жалғасын табады деген ойымыз бар.
Самғау Нәсіпқанұлы – отандық аяқ киім өндірісін жаңа деңгейге көтеріп жүрген бірегей дизайнер әрі кәсіпкер. Ол сапалы аяқ киім тігу ісімен 13 жылдан бері айналысады. Марқа өңірінің мәдени шарасы өтеді деген бойда ол Еуропадан арнайы осы шараға келген. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар көрмеге қойылды.
Самғау Нәсіпқанұлы, кәсіпкер:
Біздің Марқаның әлемдік деңгейде дамитын, үлкен перспективаға ие екенін біз білеміз. Дүние жүзі бойынша оның балығының 4 жерде ғана бар. Осы жерде оқып, білім алғанымды мақтанышпен айта аламын. Қазіргі таңда біз 30 адамды жұмыспен қамтып, болашақта әлемдік бренд жасаймыз деген ойдамыз. Сөзімнің дәлелі – Мемлекет басшысы 6 жылдан бері біздің аяқ киімді алып келе жатыр. Ол кісіге жеке аяқ киімдер тігеміз. Осы облыс басшылығы, қала әкімдігінде жүрген азаматтардың барлығы бізден аяқ киім алады. Бұл Марқакөлдің өнімі деп толық айтуға болады. Әлемде кездеспейтін балық сияқты, біздің де өнімдер бірегей. Сондықтан біз, елімізбен, Марқкөлімізбен мақтанамыз.
Көрменің ең көз тартар тұстарының бірі — Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының экспозициясы. Мұнда Қызыл кітапқа енген құстардың үлгілері мен жас суретшілердің жұмыстары қойылған. Сондай-ақ, профессор, археолог Ғани Омаровтың жазылған кең ауқымды еңбектерін де осы жерден көруге болады.
Ғани Омаров, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология және антропология ғылыми-зерттеу институтының директоры:
Жалпы, мен осы Марқакөл ауданының тумасы ретінде 2012 жылдан бері өзім ҚР Ғылым және Білім министрлігі жанындағы Ғылым коммитетінің жарияланған байқауларын жеңіп алып, содан бері осы өңір, осы өлкеде зерттеу жұмыстарын жүргізіп клее жатырмын. Сонау тас ғасырынан бастап осы елде, осы жерде кереметтей адамдардың өмір сүргендігін, қазіргі күге дейін жалғасып келе жатқандығын нақты археологиялық дәлелдер арқылы дәлелдеп отырмыз.
Экспозициядан соң қонақтар концерт залына өтті. Марқакөлдің вокалдық және би ансамбльдері шығармашылық бағдарламасын ұсынды.
Марқакөл — тек табиғатымен емес, рухани мұрасымен де бай өлке. Бұл мәдени шара соның айқын дәлелі.
Фатима Тілейханқызы