Облыс орталығында «Kazakhstan Fashion Week Oskemen» сән көрсетілімі өтті. Мерекелік кеште Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден келген танымал дизайнерлер бас қосты. Сән апталығы биыл ерекше форматта ұйымдастырылды.

Жарқыраған шамдар. Түрлі-түсті киімдер. Көтеріңкі көңіл-күй. Осындай леппен басталған мерекелік кеш жандана түсті. Сән көрсетілімінде танымал дизайнерлер, атап айтсақ Фатима Сүлейменова, Динара Сеитова, Алексей Чжен, Адиля Ботабаева, Бекназар Алмазбек пен қырғызстандық Залкар Аскарали жаңа маусымға арналған эксклюзивті топтамаларын ұсынды. Подиумда дәстүрлі үлгілерді заманауи трендтермен үйлестірген авторлық киімдер, кешкі сәнді көйлектер және авангард бағытындағы жұмыстар таныстырылды.

Ұйымдастырылған шараға кеш қонақтары жоғары дайындықпен келген. Ерекше киім үлгілері алыстан көз тартады. Сән кешінің мақсаты – өңір дизайнерлерін, сән саласындағы модельдерді жаңа деңгейге шығару, кәсібилігін шыңдау, - дейді «Kazakhstan Fashion Week Oskemen» сән көрсетілімінің ұйымдастырушысы Лилия Каирова.

Лилия Каирова, «Kazakhstan Fashion Week Oskemen» сән көрсетілімінің ұйымдастырушысы:

Бұл шараға төрт айға жуық уақыт дайындалдық. Өскеменде «Fashion Week» екінші рет өтіп отыр. Бұл —біздің өңірдің сән индустриясындағы жаңа белестердің бірі. Біздің мақсатымыз — өңір дизайнерлеріне мүмкіндік беру, Өскеменді Қазақстандағы жаңа «сән алаңына» айналдыру.

Қазақстанның танымал стилисті, сән саласының сарапшысы Лилия Рах сән кешіне арнайы шақыртылған. Әйелдерге стиль арқылы өзін табуға көмектесіп жүрген шебер сән әлемінің ерекшелігін атап өтіп, Өскемендіктерге ыстық ықыласын жеткізді.

Лилия Рах, стилист, сән саласының сарапшысы:

Елдегі сән саласының алдыңғы қатарға шығып келе жатқаны көңіл қуантады. Әсіресе, Өскеменге деген махаббатым ерекше. Бұл өңірде табиғаттың сұлулығы, әдемілік, барлығы ерекше үйлесім тапқан. Бүгінгі көрсетілімде жастардың энергиясы, модельдердің кәсібилігі мен талпынысы мені қуантты. Өскемен жастары бір-бірінен өткен талантты, шығармашыл. Осындай шаралар олардың болашағына үлкен жол ашады. Сән әлемі әрқашан керек. Сұлулық бәрін құтқарады дегім келеді.

Талғаммен киінетіндер бірден көзге түседі. Әсем үлгіде киінген Ольга Плахотнюк осынау кеште көптің жанарын жаулады.

Ольга Плахотнюк, шараға қатысушы:

Осы жылы бұл жобаға қонақ ретінде келіп отырмын. Мен бұл шарадан үнемі эстетикалық жаңашыл бағыттағы дүниелерді күтемін. Мұнда сұлулықты, стилді, шығармашылыққа толы жұмыстарды көруге болады.

Сән апталығы – шығармашыл жандарға жаңа леп сыйлады. «Kazakhstan Fashion Week Oskemen» — өңірдің сән индустриясын жаңа деңгейге көтеруді көздеген маңызды жоба.

Фатима Тілейханқызы