Самар ауданында спорт мектебі жаңғыртылып, ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты. Тарихы 1996 жылдан басталатын бұл нысан кезінде талай балуанның, чемпиондардың ордасына айналған еді. 2024 жылы жүргізілген кешенді жөндеу жұмыстарының арқасында мектеп жаңа тыныс алды. Қазіргі таңда мұнда 132 бала тұрақты түрде жаттығып, болашақ чемпиондар қалыптасып келеді.

Спорт мектебін қалпына келтіру – бір ғана ауылдың емес, жалпы өңірдің спорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды бастама. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Серік Жеңісұлы нысан өңір жастары үшін зор мүмкіндік екенін атап өтті. Жиналған ауыл тұрғындары мен мәртебелі меймандар кешеннің жағдайымен танысып, игі іске атсалысқан азаматтарға алғыстарын білдірді.

 Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:

Самар ауылында спорт кешенін ашып отырмыз. Былтыр облыс әкімі ақша бөліп, осы құрылысын бітірдік. Қазіргі күнде өздеріңіз көріп отырғандай футзал, күрес, еркін күрес және де үстел теннисінен осындай залдарды ашып отырмыз. Осының бәрі жаңағы айтып отырғандай Президентіміздің тапсырмасына сәйкес ауылдағы спортты дамыту бойынша осыған сәйкес жасалып отыр жұмыстар.

Заманауи талапқа сай жабдықталған ғимаратта еркін күрес, футбол, дзюдо және үстел теннисі секциялары жұмыс істейді. Бұл – ауыл балаларының спортпен шұғылданып, өз қабілеттерін дамытуға жол ашады. 2023 жылы директор болып тағайындалған Жандос Серікұлы қираған нысанды қайта тұрғызу жұмысын өз мойнына алып, жобаны бастан-аяқ бақылауда ұстады. Оның бастамасы облыс әкімдігі мен спорт басқармасы тарапынан қолдау тауып, мектеп толық жаңғыртылды.

Жандос Серіков, Самар ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

Бүгін міне өте қуанышты жағдай ауданымызда. ЖӨндеу жұмыстарын бітіп, бүгін ашылу салтанатына келіп жатырмыз. Аудан әкіміне, облыс әкіміне рахмет айтамыз. Енді осы арада әлем чемпионын, Қазақстан чемпионын шығарамыз деген ойдамыз. Балалардың жетістіктері енді облыс деңгейінде, Қазақстан деңгейінде бізде волейболистар енді үлкен деңгейде шығып жатыр. Әлем чемпионатында да жетістіктер бар. Еркін күрестен де жетістіктер көп.

Спорт орталығының еркін күрес залына өңір спортына еңбегі сіңген, еркін күрестен Қазақстан Республикасының спорт шебері, білікті жаттықтырушы Аманғазы Оңғарбаевтың есімі берілуі – шараның ерекше сәттерінің бірі болды. Бұл шешім – ауыл жастарына үлгі, спорт саңлағына көрсетілген құрмет.

Қайырғазы Оңғарбаев, Еркін күрестен спорт шебері:

Самар ауданында спорт жақсы дамыған. Еркін күрестен осы мектеп ашылғанда, алғаш ашылғаннан бері қарай талай спорт шебері шықты.

Еркебұлан Макхадиев, Еркін күрес бөлімінің аға бапкері:

Қазіргі таңда міне бізде бұзылған ғимаратымыз іске қосылып, еркін күрес бөлімі ашылды. Өздеріңіз көріп тұрғандай еркін күрес бөлімінде міне балалар жаттығу жасап, биік-биік шығдарға бұйыртса жететін болаиыз. Осы зал Оңғарбаев Аманғазы ағамыздың атына берілген. Осы залда еркін күрес негізі қаланған.

Қайта жаңғырған ғимарат ауылдың спорт өмірін жаңа деңгейге көтеріп, жасөспірімдерге өз арманына қол жеткізер үлкен мүмкіндік. Салтанатты түрде ашылған спорт мектебі енді талай дарынды баланың талабын ұштап, ауданның абыройын асқақтататын жаңа чемпиондарды тәрбиелейтіні сөзсіз.

Талант Тұрсынов