Қытай Халық Республикасында гір спортынан әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің 19 елінен спортшы қатысты. Жерлесіміз Айбол Слямбеков қарсыластарын қапы қалдырып, 2 алтын, 1 күміс медальді қанжығасына байлады. Жас спортшыны Өскемен әуежайында жақындары мен жанкүйерлері ерекше қошеметпен қарсы алды.
Алты мәрте әлем чемпионы, он мәрте Азияның үздігі атанған Айбол Сләмбековты Өскемен әуежайында туған-туыстары мен жанкүйерлері ерекше қошеметпен күтіп алды. Қытайда өткен әлем чемпионатында ол 73 келі салмақта үш түрлі бағдарлама бойынша топ жарып, үш медаль еншіледі. Байрақты бәсекеде жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орынға табан тіреген.
Айбол Сләмбеков, гір спортынан әлем және Азия чемпионы:
Қарсыластар өте мықты болды. Бәріміз бір деңгейде өнер көрсеттік. Соңғы 9-10 минутта өзімді жинап, осы жеңіске жеттім. Ресей спортшылары өте мықты болды. Жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. Әлемдік деңгейде олар номері бірінші спортсмендер. Осы жарысқа дайындығым орташа деңгейде болды. Қарсыластарым жоғарғы деңгейде дайындалған бәрі. Ең біріншіден менің анам маған көп қолдау білдірді. Ауылдас ағаларым осы Жетіарал ауылындағы ағаларыма алғыс айтамын. Көп қолдау білдірді осы жарысқа.
Айбол Слямбеков жарыстың алғашқы күні 74 рет серпе көтеріп, 15 қарсыластың арасынан озық шықты. Ал келесі күндері өткен екі бағдарламада сыннан сүрінбей өтіп жүлдегер атанды.
Гүлжан Салықова, А. Сләмбековтың анасы:
Айбөш кішкентай кезінен спортқа құштар болды. Екі құмырасына құмды құйып алып көтеріп жүретін. Кішкене жаттыққанын көргеннен кейін. Өзінің жаттықтырушысы біздің ауылда мұғалім болған Нұрболдин мейрамбек ағаға тапсырдым сол кісі ары қарай спортқа баулып алып кетті. Жақсы нәтиже көрсеткен кезде қуандық. Осы баладан үлкен үміт күттім. Үмітімді ақтап жатыр. Биіктерден көрінеді деп өзім қуандым.
Қытайдағы жарқын жеңістен кейін Айбол Сләмбеков жаңа белестерді бағындырмақ. Ол алдағы уақытта өз шеберлігін шыңдап, халықаралық ареналарда өнер көрсетпек. Гір көтеруден келесі әлем біріншілігі 2026 жылдың 10 наурызында өтеді. Айбол бұл додаға да тыңғылықты дайындалуды жоспарлап отыр.
Нұртас Қайролдаев, Яна Мумлева