Күршім ауданы қолөнерін, рухани байлығы мен табиғи өнімдерін облыс орталығының жұртшына ұсынды. Дәстүрлі «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында өткен кезкті шараға жиналған тұрғындардың қарасы қалың.Күршімдіктер келушілер назарына ауданның тыныс-тіршілігін жан-жақты танытқан ауқымды көрме ұсынды. Кеш соңында аудан өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт өтті.
Облыстық филармония фойесіне кірген сәттен-ақ көрме қонақтарын ерекше атмосфера қарсы алады. Мұнда жеті ауылдық округтің шағын макеті іспетті тігілген киіз үйлер тізіліп тұр. Киіз үй ішіне қойылған қазы-қартадан бастап табиғи бал, сүт өнімдері, ағаш бұйымдар, әшекейлер – күршімнің мәдениетінің көрінісі. Көрменің мақсаты – ауданның бүгінгі тынысын көрсету ғана емес, оның рухани саласын, кәсібін, жаңа бастамаларын таныстыру.
Мейржан Альбеков, Күршім ауданының әкімі:
Өскемен қаласында Күршім ауданының мәдени күндері. Бүгін міне 14 күні ауданның өнерпаздарының концерттік бағдарламасын әкеліп отырмыз. Оның бір ерекшелігі біздің ауданның өнерпаздарына ешбір басқа қаладан, басқа жерден өнерпаздар шақыртылған жоқ. Тек қана «Күршім» әнін орындайтын қазақ эстрадасының өнерпазы Серікбол сайлаубек шақырылып отыр. Бүгінгі іс-шараға арнайы көрме әкелдік.
Көрменің тағы бір көзайымы – сауда ісін дөңгелетіп, кәсібін дамытып отырған кәсіпкерлер. Солардың бірі – Ләззат Құмарова.
Ләззат Құмарова, жеке кәсіпкер:
Міне, мына жерге іскер әйелдердің барлығын алып келдім. Өздерінің өнімдерімен. Соның ішінде өзім кәсіпкер болғандықтан міне мына жердегі салаттар, вареньелар, мынандай заттардың бәрін қолымызбен жасап, бүгінгі Күршім ауданының шашбауын көтеріп, өздеріміздің өнімдерімізді көрсетіп, кәсіпкерлер саудаларын жасап, өздерінің қолдарынан шығарған өнімдерін көрсетіп, саудаларын жасап жатыр.
Одан бөлек, филармония залында Күршім өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Биылғы шараның ерекшелігі — сахнаға тек ауданының өнерпаздары шықты. Жергілікті әншілер, күйшілер мен би ұжымдары көрерменге рухани серпіліс сыйлады.
Айым Төлеуғазина, Күршім аудандық мәдениет үйінің режиссері:
«Туған жер – алтын бесігім» тақырыбы – Абай. Және де біз Абайдың ең көркем шығармаларының бірі – «Абай сүйген Тоғжан» деп музыкалық композицияны қойдық. Театрландырылған композияция. Биімен, әнімен ерекше. Әрине жанды дауыста. Жалпы біздің мәдениет үйінің бүгінгі концерті көрерменге үлкен туындылармен келіп отыр. Және де ерекшелігі бұл – таза көркем өнерпаздардан ғана құралған.
Дархан Ахметов, Н.Островский атындағы №4 Күршім орта мектебінің музыка пәні мұғалімі:
Өскемен шаһарында Күршім өнерпеаздарының ұйымдастыруымен концерт өтеді. Енді мынау концерттің негізгі мақсаты – өнерді халық арасында дәріптеу. Бүгін концертімізде, әсіресе мынау Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Сонымен қатар ауданымыздың жас өнерпаздары өз өнерлерін көрсететін болады. Барлық өнерпаздарға сәттілік тілейміз. Бүгінгі концертіміз елдің көңілінен, жүрегінен шығады деп ойлаймыз.
Өнер ұжымдарының әсерлі қойылымдары Өскемен жұртшылығына зор қуаныш сыйлап, кешті ерекше рухани атмосферамен түйіндеді. «Туған жер – алтын бесігім» жобасы өңірдің ұлттық болмысын, мәдени әлеуетін, еңбекқорлығын көрсетіп қана қоймай, жерлестердің бірлігін, туған жерге деген сүйіспеншілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Талант Тұрсынов