Облыс орталығында «Краски детства» атты қайырымдылық фестивалі өтті. Жоба ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерді қолдауға арналған. Бұл күні шараға қатысушылар үлкен сахнада ән шырқап, би биледі. Рет – ретімен тілші сюжетінде.

Биыл аталмыш фестивальге 20- дан астам қатысушы келді. Олар өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Барлығы жобаға тыңғылықты дайындалған.

Досан Қуатбеков, шараға қатысушы:

Осы фестивальге бірінші рет қатысуға келдім. Ән айтуды жақсы көремін бала кезімнен. Қайрат Нұртастың өлеңдерін айтамын қазір. Ол сен емес.

Данил Дробышев, шараға қатысушы:

Фестиваль менің өмірім десем де болады. Қайырымдылықпен айналысқанды жақсы көремін. Бос уақытымда шығармашылық жұмыстарға да жиі қатысамын. Өнер жолын таңдап, сол бағытта өскім келеді. Бұл жай ғана шара емес, махаббаттан тұратын сәттер. Сондай – ақ ат спортымен де шұғылданамын. Түрлі жарыстарда бақ сынап, екі рет жеңіске жеткенмін. Бүгін «менің досым» әнін орындаймын.

Қайырымдылық жоба 2023 жылдан бері өткізіледі. Ұйымдастырушысы –Евгений Курлыкин. Ол бірнеше жыл бұрын фестиваль өткізу бастамасын қалалық әкімдікке жолдап, қолдау тапты. Кейіннен балалар шығармашылығын дамытуды облыстық әкімдік қолға алды.

Евгений Курлыкин, ұйымдастырушы:

Бұл фестивальді өткізу туралы ой уақыт өте келді. Белгілі бір жасқа жеткенде өз – өзіме есеп бердім. Уақытымның көп бөлігін өзімнің қалауларыма жұмсайды екенмін. Ал, қоршаған ортаға, өзгелерге пайдам тимейді екен. Сондықтан өмірімді өзгерткім келді. Ең алдымен ойыма келгені осындай балаларға арналған қайырымдылық концертін ұйымдастыру болды. Бастапқыда жай ғана концерт еді, балалар мен ата – аналардың өтінішінен кейін ауқымы кеңейді. Нәтижесінде қайырымдылық фестиваліне ұласты. Шара менің достарым, таныстарымның көмегімен жүзеге асады. Әртістердің барлығы тегін өнер көрсетіп, керемет көңіл күй сыйлайды.

Шараны тамашалауға келген тұрғындардың да қарасы қалың. Қайырымдылық фестивалі алдағы уақытта да жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өткізілмек.

Гүлдана Айдарқызы