Өскеменде қоғамдық көлік мәселесі көтерілді. Аблакетка шағын ауданының тұрғындары аталған жағдай бойынша қиындық көріп келе жатқандықтарын айтып шағымданды. Қазір билік өкілдері тасымалдаушыны басқа аймақтағы компанияға ауыстыруды қарастыруда. Тілші рет –ретімен.
Аблакетка шағын ауданының тұрғындары қоғамдық көліктердің жүрісіне көңілі толмайтындықтарын жеткізді. Олардың сөздерінше қатынайтын автобустар үнемі істен шығып, рейстердің арасындағы арақашықтық артқан. Салдарынан азаматтар қыстың қытымыр аязында қоғамдық көлікті ұзақ күтуге мәжбүр. Тіптен жұмысқа да кешігіп қалатын жағдаяттар аз емес.
Алмас Орал, қала тұрғыны:
Таңертең біз жұмысқа жете алмай әбігерге түсеміз. Автобустар адамдарға лық толы болып келеді, сыймай қаламыз. Бес жыл ішінде жағдайымыз еш өзгермеді. Тасымалдаушыға кестелерді өзгертуге берген кездер де болды. Бұрынғы немесе жаңа тасымалдаушы бола ма, мен үшін ешқандай айырмашылығы жоқ.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі тасымалдаушы тараппен бір келісімге келу мүмкін болмай тұр. Тіпті компания бірнеше рет ескерту алған. Сот процестері де өтті. Дегенмен, тасымалдау сапасы еш жақсармаған.
Абзал Мәулетханов, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:
Бүгінде ол 300 миллионға жуық субсидия алды, жүз миллионнан астамы ұсталды, өйткені тасымалдаушы жүйелілік тұрғысынан өз міндеттемелерін орындамады. Бұл айыппұлдар.
Өскемендегі қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін Ақтөбе облысынан тасымалдаушылар тартылмақ. Осы аптада маршруттарға 18 жаңа автобус шығару жоспарлануда. Жергілікті автопарк басшылығы көлікті жаңартуға қомақты қаражат жұмсаған.
Елена Рядинских, автопарк директоры:
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы тарапынан олардың міндеттемелері орындалмады. Біз 23 жылдық тарифпен жүреміз, тариф екі жыл бойы қайта қаралмайды, біз жылжымалы құрамды толығымен жаңарттық , 180 миллионға көлік сатып алдық ,олар әлі күнге дейін есептік тарифке салынбаған және олар үшін бір тиын да қайтарған жоқ: Біз Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы резервіне ие болу үшін үш автобус алдық.
Әкімдік мамандары бұл мәселе барлығының назарында болуы тиіс екендігін жеткізді. Жауаптылардың субсидия алып қана қоймай, сапаға сай жұмыс атқарғаны жөн, дейді. Сонымен қатар, жергілікті автопарк қызметкерлері білікті жүргізушілердің жетіспеушілігін тілге тиек етті.
Аяулым Усинова, Яна Мумлева