Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Риддерде студенттер арасында аспаздар байқауы өтті. Ас әзірлеу сайысында барлығы бес студент сынға түсті. Байқаудың мақсаты – тең мүмкіндіктер жасау арқылы жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету. Әрі олардың шығармашылық жолын ашу. Бұл бастаманың өтуіне мұрындық болған – «Amanat» партиясының Риддер қалалық филиалы мен Риддер колледжі. Шараға мектеп ұстаздары мен оқушылар, кәсіпорын өкілдері қатысты.
Дәмі тіл үйіретін тамақты жылдам әрі сапалы етіп дайындау кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан қазылар алқасы ең бастысы аспаздық шеберлікке көңіл бөлді. Байқау бастала салысымен оқушылар тағам дайындаудағы процесті бақылап, жас аспаздардың шеберліктеріне үңілді.
Әсем Ағажаева, «AMANAT» партиясының Риддер қалалық филиалының төрағасы:
Мұндай шара жетінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бастаманың өтуіне себепкер – қоғам белсендісі Гельдерман Галина Михайловна. Бұл байқау - жай ғана жарыс емес, достық, өзара құрмет пен шабыт алаңы. Бірлескен шығармашылық пен қолдау арқылы нағыз инклюзивті қоғам құруға болады деп сенеміз. Дәл осындай шаралар «Аманат» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өтуде.
Бағалау барысында тағамның сапасы, оны ұсыну және көркемдеу ерекшелігіне, денсаулыққа пайдалы тағамдарға басымдық беру жайына да назар аударылды. Санитарлық-гигиеналық талап пен қауіпсіздік ережесінің сақталуына да мән берілді.
Жанар Шегирова, Риддер колледжі директорының орынбасары:
Бұл шараға біздің әлеуметтік серіктестер де қатысуда. Бұл бір жағынан кәсіби бағдар беру шарасы деп айтуға болады. Бұл қала үшін, студенттер, оқушылар үшін де маңызы өте зор.
Шарада қатысушылар тек жеңіл салаттар дайындады. Қарапайым, бірақ дәмі мен сәні келіскен тағам арқылы олар өздерінің ұқыптылығы мен қарым-қабілеттерін көрсетті. Ксения Сизикова осы сынды байқауларды жібермейді. Аспаздық қабілеті де талайды таң қалдырған. Бұл сайыста ол тәжірибесін пайдаланып, жұртты таң қалдырмақ.
Ксения Сизикова, байқауға қатысушы:
Менің аспаз мамандығына түсуімнің бірден-бір себебі мен бала күнімнен түрлі тағам дайындағанды қатты ұнатамын. Бұл байқауды тағатсыздана күттім. Бүгінгі жеңіл салат дайындадық. «Солнечный» деп атадым. Себебі, құрамындағы көп қоспалар сары түсті. Оның құрамында қуырылған құймақ, саңырауқұлақ, ірімшік, жүгері және тәтті бұрыш бар. Барлығы ойымдағыдай шықты. Орын мен үшін маңызды емес. Маған байқауға қатысудың өзі жетістік.
«Үздік аспазшы» атану үшін 5 студент мүмкіндіктерін сынады. Астың дәмімен қатар аспаздың жылдамдығы да таразыға түсті.
Мария Гудимова, байқауға қатысушы:
Менде бала күнімнен ас дайындағанды ұнатамын. Байқауда қуырылған баялдыдан салат дайындадым. Жеңіл тағамның қоспалары мен құрамы ерекше. Аспаз болғысы келетін әрбір шығармашыл жастарды Риддер колледжіне оқуға түсуге шақырамын. Осы бағыт бойынша біз көптеген дүниелерді үйрендік.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Ксения Сизикова иеленді. Екінші орын Мария Гудимоваға бұйырса, үшінші орынды Евгения Бастоногова қанжығасына байлады.
Фатима Тілейханқызы