Көктемгі су тасқынын алдын алу шараларына дайындық барысы мен жыл көлемінде атқарылған жұмыстар пысықталуда. Облыстық ТЖД мен Глубокое ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары бірнеше ауыл мен өзендерге бақылау жасап, аумақты аралап көрді. Бұл келер көктемде орын алатын су тасқынын алдын алуға бағытталған шаралардың бір парасы.
Глубокое ауданы облыс орталығына жақын орналасқан. Мұнда су басу қаупі басым деп саналатын бірнеше ауыл бар. Мәселен, биыл Прогресс ауылындағы Глубочанка өзені, Белоусовка кенті мен Тарханка ауылындағы Үлбі өзені төрт рет тексерілген. Осы сияқты алдын алу шаралары Черемшанка және Быструха ауылдарын басып өтетін өзендерде де жүргізіледі. Су арнасы тазартылып, тереңдетілуде. Бұдан бөлек көктемгі су тасқыны кезінде ауылға қызыл су жайылмас үшін жағалар бекітілуде.
Аяулым Кекиева, ШҚО ТЖД ТЖАБ Бас маманы:
Алдағы су тасқынына дайындық мақсатында биылғы жылы Глубокое ауданында инженерлік жұмыстардың жоспарына сәйкес жұмыс жоспарланған. Қазіргі таңда соның үшеуі мәресіне жетті. Екі іс шара бойынша Черемшанка ауылында және Быструха ауылында жұмыстар жалғасын табуда. Аталған жұмыстар су тасқыныц мерзімінде су басу қаупін азайтады.
Бүгінгі таңда Тарханка ауылындағы қорғаныш бөгеті жөнделіп, жаңартылуда. Ал Быструха ауылында су деңгейі көтерілсе, көпірді, тұрғын үйлер мен ағаштарды су шайып кету қаупін алдын алу шаралары жалғасуда. Ал Черемшанка ауылындағы Үлбі өзенінде бұзылған бөгет қалпына келтірілуде. Мұның барлығы су тасқынын алдын алуға бағытталған жұмыстардың уақтылы орындалып жатқандығының бір көрінісі. Ал жүйелі жұмыс оң нәтиже берері анық.
Салтанат Кеңесбекқызы