Өскеменде Шығыс Қазақстан облысындағы туризмді дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті. Жиынға кәсіпкерлер, туристік компаниялардың, салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырыс барысында Шығыс Қазақстан облысының туристік қауымдастығының жұмысын жандандыру және 2026 жылға арналған шаралар күнтізбесін бекіту туралы шешім қабылданды. Туризм саласы өкілдері инфрақұрылымға, сервистік қызмет көрсетуге, туристік бағыттардың қолжетімділігіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Жиын барысында облыстың туризм саласы қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Салалық басқарманың мәліметі бойынша, 2025 жылдың екінші тоқсанында аймаққа 215 мың турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға көп. Ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында 2026 жылдың көктеміннен бастап іске қосылатын Катонқарағай мен Зайсан аудандарындағы әуежай құрылысы бар. Саланың цифрлық дамуына, соның ішінде Visit East Kazakhstan ресми туристік порталын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде.
Ержан Сембинов, Облыстық туризм басқармасының басшысы:
2026 жылы сайт заманауи дизайнға сай болады. Ол қолданушылар үшін ыңғайлы және бірнеше тілде қызмет көрсетеді. Жоспар бойынша жаңа нұсқада онлайн брондау мүмкіндіктері, интерактивті карталарды енгізу, әлеуметтік медиа және туристік қызметтермен біріктіру қарастырылып отыр. Бұл пайдаланушыға ыңғайлы және туристер үшін пайдалы болады. Бүгінгі күні негізгі мақсат туристік аймақтарды тұрақты интернетпен қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі уақытта мобильді байланыспен қамту аумағын кеңейту және шалғайдағы туристік аймақтарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде. Цифрландыру басқармасы Starlink технологиясын енгізу мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Жиында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері өңірдегі бизнесті қолдауға негізделген шаралар мен бизнесті басқару мен цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған «Заманауи кәсіпкер» тегін оқыту бағдарламасының мүмкіндіктері туралы баяндап берді.
Айгүл Қасымова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ШҚО бойынша аймақтық филиалының директоры:
Бірінші модуль заманауи цифрландыру мен технологияларға бағытталған. Екіншісі Анафаза әдісі немесе «5 Неліктен» әдісін қолдана отырып тәуекелдерді басқаруды қамтиды. Сіз өзіңізді және барлық қызметкерлеріңізді өз қалауыңыз бойынша оқыта аласыз. Оның келесі модулі персоналды басқаруға арналған, яғни сіздің HR мамандарыңыз да персоналды басқару бойынша осы тренингтен өтіп, өз жұмысында кейбір әдістерді қолдана алады, KPI қалай құру, дұрыс персоналды таңдау және т.б. Ал қазір барлығына шынымен қажет және пайдалы төртінші модуль – маркетинг және сату.
Жиын барысында туризм саласы мен бизнес өкілдері өңірдегі туризмді одан әрі дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға, туристерді тартуға бағытталған өз ұсыныстары мен идеяларын ортаға салды.
Сымбат Рамазанов, ШҚО кәсіпкерлер Палатасының туризм кеңесінің төрағасы:
Келесі ұсыныс – сауда орталықтарында немесе әуежайларда Өскеменде жасалған немесе Қазақстанда жасалған кәдесыйларды сатып алатын орындар құру. өйткені туристер бір жерден ақпарат алып, тур брошюралары және тағы басқа мәлімет алғысы келетінін жақсы түсінеміз. Бізде тамаша туристік ақпарат орталығы бар. Сондықтан қандай да бір кәдесый сатып алуға болатын ірі сауда орталықтарында да осындай дүңгіршектер болғаны дұрыс деп есептеймін.
Биыл облыста 700 шақырымнан астам жол жөнделді. Оның 168 шақырымы туристік орындарға апаратын бағыттар. Қонақ үйлер мен демалыс орындары да жаңғыртылуда. Бұл жұмыстар Шығыс Қазақстанға келетін саяхатшыларға қолайлы жағдай жасалып, туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанат Кеңесбекқызы, Дильназ Мурзагалиева