Облыс орталығында өткен әйелдер арасындағы хоккейден Азия чемпионатында Қазақстан мен Қытай құрамалары өзара бақ сынасты. Бұл Азия біріншілігінің ең маңызды матчтарының бірі. Елде тоғыз жылдан кейін алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық додада қатысушылар жоғары деңгейдегі шеберліктерін паш етті.

Борис Александров атындағы спорт сарайында өткен матчқа жанкүйерлер көптеп жиналды. Қазақстан мен Қытай құрамалары арасындағы кездесуде екі команда да дайындық деңгейлерінің жоғары екенін көрсетті.

Нұртай Биғазы, көрермен:

Бүгінгі матчта екі команда да жақсы ойын көрсетіп жатыр деп ойлаймын. Біздің командаға сәттілік. Дайындық, физикалық шаршаңқылықтар болды. Жалпы екі команданың да тактикалық ойын көрсетуі өзіме ұнады. Жақсы ойын болып жатыр. 

Малика Алдабергенова, Қазақстан құрамасының ойыншысы:

Біз жеңіске жету үшін барымызды салдық. Бірақ сәттілік жетіспеді. Дегенмен, келесі кездесуде жаңкүйерлеріміздің үмітін ақтауға тырысамыз..

Чемпионат Халықаралық және Қазақстан хоккей федерациясы мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті. Турнирдің мақсаты – әйелдер хоккейін дамыту және жастарды спортқа тарту.

Жао Чинан, Қытай құрамасының капитаны:

Бүгінгі кездесу ойымыздан шықты. Жаттықтырушы тарапынан берілген тапсырманы ойдағыдай орындап шықтық. Өткен жылы Қазақстан құрамасынан жеңілген едік. Бұл кездесуде кеткен есені қайтардық.

Халықаралық дода өңірдің спорт саласына тың серпін беріп, әйелдер хоккейінің дамуына жол ашты.

Талант Тұрсынов